«Бөрте» спектакліндегі бас киім 4 млн теңгеге сатылды

10.12.2022 02:58

Түркістан музыкалық драма театрында Бөртенің екі бас киімі бар

«Бөрте» спектакліндегі бас киім 4 млн теңгеге сатылды, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.

«Болашақ» корпоративтік қоры ұйымдастырған ХІІІ қысқы қайырымдылық балында аукционға шығарылған жәдігерлер арасында түрлі әшкейлермен әспеттелген сәукеле де болды. Бұл бас киімді Түркістан музыкалық драма театрының алғаш шымылдығын ашқан «Бөрте» қойылымындағы кейіпкер Бөрте ханым киген болатын.

Сәукеленің алдына таза күмістен жасалған оюлар мен көздің жауын алар моншақтар тағылған. Ал, екі жағындағы қос жақтаудың жиегі алтын түстес жібек өріммен жиектелген. Қос жақтауы мен сәукеленің артқы жағында бекітілген шашқап та күміс әшекейлермен безендірілген. Сондай-ақ, көгілдір ақық, меруерт, лағыл тастардан салпыншақ сырға тәріздес етіп безендірілген.

Кешегі күні өткен аукционда бас киім 4 млн теңгеге сатылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сатылымнан түскен қаржы ерекеше қажеттілігі бар балалардың еміне жұмсалмақ.

Театр мамандарының сөзіне сүйенсек, Түркістан музыкалық драма театрында Бөртенің екі бас киімі бар. Соның бірі сатылымға шыққан. Ал, екіншісі театрда сақтаулы тұр. Оны келесі қойылымдарда әртістер қолданатын болады.

Дереккөз: ҚазАқпарат.