Қазаққа «қазақ» деген атты қайтарып әперген Қожанов 66 жыл бұрын ақталған
Қазаққа «қазақ» деген атты қайтарып әперген Қожанов осыдан тұп-тура 66 жыл бұрын ақталған. Кеңестік террор оның халық үшін қылған қызметін жіпке тізіп, керісінше сол «халықтың өз жауы» ғып шығарды, дп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Біз айтқалы отырған Сұлтанбек Қожанов туралы көзкөргендер «Ол Сталиннің өзімен жұлқыса кетуге тайынбайтын адам» деп кеткен. Анығы солай еді. Аштық жылдарында «Сұлтанбектің шүлен көжесі» көпті аман алып қалды. Оның Наурыз мейрамына араша түсуі де бүгінде жемісін берген елеулі еңбек. Қожанов дегенде әуелі, оның мұғалім даярлауды мақсат еткенін, «Есептану құралы» атты тұңғыш арифметикалық оқулықты жазғанын, ал ең маңыздысы ел астанасын Қызылордаға ауыстырғанын айтуға болады.
– Қылышы қан тамған Сталинге қарсы келген бірден-бір азамат Сұлтанбек болатын. Ол анау мұрағаттан алған құжаттарым бар. Сталинмен ұлтқа қатысты мәселені жүрексінбей айтқан Сұлтанбек болатын, – деді С. Қожанов атындағы қайырымдылық қорының президенті Мұқан Әбдіраман.
1923 жылы Сталиннің қатысуымен өткен кеңесте Қожанов Түркістан халықтарының тағдырын жеткізеді. Оның сөзіне КСРО басшысы оң баға беріпті. Бұл деректің бәрі Сталиннің көзі тірісінде шыққан жинақта әлі күнге сақтаулы. Алғашында «Мен сіздің досыңыз, жолдасыңыз болуға дайынмын» деп хат ұсынған кеңестік көсем кейіннен дәл осы жиындағы Қожановтың айтқанын «ұлтшылдыққа» балайды. Қуғын-сүргіннің көп күттірмей басталуына бұл да түрткі болады.
– Біздің бірінші хатшымыз Нанейшвили обалы нешік, Қожановты жақсы тыңдап тұрды. Қожанов – белгілі дәрежеде белсенді және тәжірибелі жігіт. Кейінгі деректерге қарағанда Нанейшвилиді Сталин ұнатпаған. Нанейшвилиді орталыққа шақырғанда, бірнеше ай бойы басшы жоқ болған. Бірінші басшы Сұлтанбек болып отырады. Қазақтар өз араларынан бірінші хатшыны таңдап қоя алмады, – деп хабарлайды тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев.
«Кедейдің ұлы біздің Ұлы революциямызға қызмет етті, етіп келеді. Бірақ аяқ астынан халық жауы бола қалды»- деген естелікті айтқан азаматтың жары кейінгіге біршама құнды ақпар қалдырған еді. Өкініштісі, Гүләндам Қожанова да 11 жыл Рысқұлов, Жандосов, Жұмабаевтың әйелімен қатар лагерьде азап шегеді.
– Біздің Міржақып Дулатов, Аймауытов, Ахметовті Тәшкентке шақырып алады. Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын газетке шығартқан. Сол кісілердің бәріне қол ұшын берген, – деді Мұқан Әбдіраман.
Ұлтшыл деген айыпты арқалағандар көп. Қожанов расында ұлты үшін ұлы істерді атқара алған азамат еді. Оның еңбегін бүгінгі ұрпақ қалай дәріптесе де жарасады.
Мадина Оқас, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы