Үш арыстың суретін ерекше тәсілмен салған алматылық қыз желіде танымал болды

11.12.2021 03:50

Әсел Бекжанның шығармашылығы тұлғалардың портреттері мен қазақы иіс шығып тұратын туындыларға толы

Almaty.tv

Алматылық ару өз өнерімен дүйім жұртты таң-тамаша етті. Ол бір сәтте бірден «Үш арыстың» бейнесін қағаз бетіне түсіріп, өзінің шеберлігімен қатар, патриоттық сезімін көрсетті. Бүгінде қылқалам шеберінің бейнеролигін әлеуметтік желі қолданушылары бір-біріне жолдап, көрген сайын таңғалудан талмайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

27 жастағы Алматының тұрғыны – кәсіби суретші. Оның шығармашылығы тұлғалардың портреттері мен қазақы иіс шығып тұратын туындыларға толы.

«Әр суретші өзінің жеке дара стилімен ерекшеленгенін жөн деп санаймын. Мен де бір бағытта ғана қалып қоймай, бейнелеу өнерінің дамуына үлес қосқым келеді. Ал Үш арысты салған тұста өз ісіме асқан жауапкершілікпен қарадым», - дейді суретші Әсел Бекжан.

Қылқалам шебері Әсел Бекжан Алаш қайраткерлерінің суретін өзгеше тәсілмен салған. Ол 3 қарандашты бір сызғыштың бойына орналастырып, бейнелеу өнеріндегі жаңа техниканы қолданған.

Суретші шығармашылық жолын ұлттық құндылықтармен байланыстырған секілді. Қылқалам шеберінің топтамасында өзге де танымал тұлғалардың портреттері бар екен.

«Кезекті туындыға кіріспес бұрын жан-жақты зерттеп, жаңаша стильде салғым келді. Дүниежүзілік үлгіде өзімді сынап көрдім. Сондай-ақ өз өнерімді ғана емес, ұлтымыздың алыптарын көрсеткім келді», - деді суретші Әсел Бекжан.

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсырұлы мен Міржақып Дулатұлының портретін салған суретші өз туындысын Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнады. Оның сөзінше, ұлт зиялыларын тану – жастардың міндеті. Сондықтан өз топтамасынан Алаш қайраткерлерінің де портреті болу керек деп шешіпті.

Оразай Нұртай, «Алматы» телеарнасы