Ол қазақтың ән-күйінің әлемдік деңгейде танылуына бірден-бір үлесін тигізген тұлға
Бүгін қазақ музыкасын зерттеуші ғалым, композитор Ахмет Жұбановтың туғанына 115 жыл толды, деп хабарлайды Almaty.tv.
1934 жылы бір топ домбырашының басын қосып, қазақ ұлт аспаптар оркестрінің негізін қалаған тұлға қазақтың тұңғыш дирижері атанып, оркестрге Құрманғазының атын берді. Оның барлық музыкасы өміршең. Еліміздің алтын мұрасына айналған оның шығармалары қазіргі жастарға әлі де өнеге.
Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғаларының бірі де бірегейі Ахмет Қуанұлы Жұбанов 20 ғасырда қазақ өнер білімінің жаңа бір биігіне көтерілген кезде академик атанды. Қазақ мәдениетін дамытсам деген ниетпен қыруар шаруа тындырған атақты композитор Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы мен Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның, Құрманғазы оркестрі мен көптеген ұйымдардың қалыптасуы мен дамуының басында тұрды.
«Ахмет Жұбанов музыка саласында, қазақтың кәсіби музыкалық бағытқа келуіне, алғашқы ғылым, білім ордаларының, алғашқы өнер ұйымдарының пайда болуына тікелей мұрындық болды, ұйытқы болды. Кезінде Ақсалеу Сейдімбек Қазақтың өнерін Пайғамбардай шапағаты тиген деп бекер айтпаған. Рас, жаңа сатыға көтерді, жаңаша көзін ашты десек болады», – деді А. Жұбанов атындағы музыка мектебінің директоры, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров.
Ахмет Жұбановтың кенже қызы Ажар Ахметқызы Жұбанова 400-дей ғылыми еңбек жазған биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Әкесінің музыка ғылымында сіңірген еңбектерінің бұл күнде ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, азық болып келе жатқанын айтады.
«Әкемнің 100 жылдық мерейтойында ЮНЕСКО Жұбанов жылы деп жариялады. Парижде үлкен концерт болды. Бәріміз барғанбыз ол жерге. Сонда бүкіл әлем сыйлады. Оның қазақтың музыкасын, дәстүрін білсін деген арманы болатын. Ол өзімен мақтану емес, елді әлемге таныту. Қазір академияда әкемнен басқа өнертану деген мамандықтан академик жоқ», – деді А. Жұбановтың қызы Ажар Жұбанова.
Жұбановтар әулеті дарын қонған отбасы. Ахмет Жұбановтың қызы Ғазиза Жұбанова қазақ әйелдерінің ішінен шыққан бірінші кәсіби композитор, жиені Алан Бөрібаев дарынды дирижер. Талантты сазгер балаларының жоғары білім алып, білікті маман болуына көптеп үлес қосқан.
«Әкем деген бәрімізді жақсы білім алу керек деп Мәскеуге жіберді. Үлкен, білімді адамдар болсын деп. Өзі балажан болды. Мен кенже болдым. Бірақ оркестр деген күшті нәрсе, оған характер болмаса тағы болмайды», – деді А. Жұбановтың қызы Ажар Жұбанова.
«Ахмет Жұбановтың арқасында көптеген жастар қазақ күйлерін сауатты түрде нота арқылы үйреніп жатыр. Ахмет Жұбановтың композитор ретінде жазған шығармалары еліміздің алтын мұрасы», – деді күйші, композитор Ғаламат Бейсеқожа.
Ахмет Жұбановтың жазып кеткен еңбектерінің орасан зор маңыздылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол қазақтың ән-күйлерінің әлемдік деңгейде танылуына бірден-бір үлесін тигізген тұлға.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы