31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
1938 жылдың 25 ақпаны мен 16 наурызы аралығында Алматыда 641 адам атылған. «Қазақ ренессансы» деп бағаланған заманда, ұлт мәдениетінің, өнерінің, әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан талай тұлға небәрі отыз-қырық жасында опат болды. Оның ішінде қазақ театрының негізін салушы, режиссер Жұмат Шанин де бар еді. Талантты драматургтың немересі Болат Шанинмен Almaty.tv тілшісі тілдесіп қайтты.
Болат Шанин – қазақтың тұңғыш режиссері, драматургы, еліміздің театр өнерінің негізін салған Жұмат Шаниннің немересі. Ол атасы Жұматтың 1938 жылы неліктен атылып кеткенін тек ел болып егемендік алғаннан кейін ғана білсе керек. Архивті ақтару үшін жоғарыға хат жазып, рұқсат алып, тың деректермен танысыпты. Сонда Мәскеуде 1936 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің алғашқы декадасы болады. Он күндіктің ашылуына «Қыз Жібек» пьесасы қойылатын болып шешіліп, оны Сталиннің өзі көреді деп күтіледі. Сол кезде жоспарланған пьеса уақытынан 12 минутқа кешіктіріліп сахналанған екен. Тырнақ астынан кір іздеген сұрқия саясат дәл осы болмашы 12 минутты желеу етіп, Шаниннің түбіне жеткен көрінеді.
«Қыз Жібек» спектаклін 12 минутқа кешігіп, шымылдықты аштыңыз деп айып тағады. Басында Жұмат атамыз мойындамаған, бірнеше айдан кейін: «Иә, мен, Жұмат Шанин, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов – үшеуміз шымылдықтың алдына шығып сөз айтудың орнына әдейі 12 минутқа кешіктіріп, сол 12 минуттың ішінде тез екінші қабатқа көтеріліп, Сталинді өлтірмекші болдық» деп жазған екен», – деді Жұмат Шаниннің немересі Болат ШАНИН.
Болат аға бұл түсініктеменің әдемі таңбаланып, көркемделіп жазылғанына мән беріп өзге біреудің қолы екенін аңғарыпты. Содан-ақ жала жабылғанын түсіндім дейді.
«Сәкен Сейфуллинді де тура солай айыптаған екен. «Мен, Сәкен Сейфуллин, Жұмат Шанинмен бірге Темірбек Жүргенов – үшеуміз әдейі мына Сталинді өлтірмекші болдық» дегендей... Темірбек Жүргенов те тура солай жазған. Әрине, ол өтірік», – деді Жұмат Шаниннің немересі Болат ШАНИН.
Кейіннен Жұмат Шаниннің жұбайы Жанбикеге де «қой ұрлады» деген негізсіз жала жабылып Алжир лагеріне қудаланады. Жанбике ана ол қапастан тек 1950 жылы ғана шығып, сіңлісінің қолында дүние салады. Болат аға осыдан 2-3 жыл бұрын Жанбике әжесінің сол заманда өз қолымен жазған анкетасын тауып алған. Онда әжесі отбасында төрт адам екенін, екеуі ұлы екенін көрсеткен. Ал Жұмат Шаниннің өзі 1938 жылдың қысында қаза болады.
«Ұсталған күнге дейін Оралда музыкалық театрды ашып, сол жерде істеген. 15 қазанда ұстап, Алматыға алып келді. Алматының бір түрмесінде тергеу жүргізіліп, 5-6 ай отырған. 26 ақпанда І. Жансүгіров, Б. Майлинмен бір күнде атылған екен», – деді Жұмат Шаниннің немересі Болат ШАНИН.
Жұмат Шанин қазақтың халық әртісі атағына тұңғыш ие болған. Тіпті бұл туралы ресми құжат та мұрағатта сақталып қалыпты. Сонымен қатар, Болат аға қайраткердің шығармалары, еңбектері тереңнен зерттелсе екен дейді. Жұмат Шаниннің 11 пьесасы бар дейді немересі. Оның ішінде «Арқалық батыр», 1937 жылдары сахналанған «Қозы Көрпеш-Баян», «Ер-Тарғын» пьесалары бар.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы