Қазақ киносының Құлагері туралы біз не білеміз?
Бүгінгі кино өнерінің өркендеуіне жол ашқан, негізін қалап, бойын көтерген тұлғалардың бірі Абдолла Қарсақбаевтың биыл 95 жылдығы. Атақты режиссер өз заманында-ақ ерекше дарынымен танылып, көпке үлгі, кейінгіге бағдар бола білген еді. Қазақ киносының Құлагері туралы біз не білеміз? Толығырақ Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
«Майталман», «даңқты режиссер», «кино шебері». Иә, мұның бәрі Абдолла Қарсақбаевқа тән сипаттар. Бірақ бәрінен бұрын ол ізденімпаз азамат еді. Тың туындыларында айрықша көріністің, ғасыр өтсе де, маңызы құрымайтын кадрдың болуы да осыдан. Көзін ашқан қазақ баласының бәрі көрген «Менің атым Қожа» фильмі осы айтылғандардың бір мысалы ғана.
«Оның «Қилы кезең» фильмі қазақтардың кеңес үкіметінен Қытайға қашқан кезін суреттейді. Бір кездері фильмнің көрсетіліміне тыйым салған, қазір ютубтан көруге болады. Бұл адам ең алдымен... менің әкем еді. Екіншіден, кино өнеріндегі құбылыс. Көптеген актердің жанын, жан-жүрегін сөйлеткен де осы кісі еді», – деді Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаев.
Құлагер-классик қазақ киносының бәйтерегі саналады. Олай болуы да тегін емес. Асылында, бәйтерек көпке сая. Ал, Абдолла аға таланты бар баланы шын ұққан азамат еді. Ол өз фильмдерінде жиі көрініс беретін балдырғандарға сая бола білді, жанын ұқты. Қарсақбаев бағын ашып, бағдарын айқындап бергендердің бірі – белгілі режиссер Болат Қалымбетов. Ол 8 жасында таныған Абдолла ағаны жүзі жылы, ісі мықты ұстаз деп еске алады.
«Өзім кино түсірген кезде сол кісінің маған істеген іс-әрекеттерін өзімнің фильмімдегі актер балалармен жұмыс істегенде пайдаланамын. Қандай керемет! Сонда таңғалам ғой, енді ана кісі баланың жүйкесіне тиеді. Мен де балаларды жылатып жіберем. Оның бәрі Абдолла ағамнан қалған ғой», – деді кинорежиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Қалымбетов.
Абдолла Қарсақбаевтың ғұмыр тарихы ел тағдырының зұлмат жылдарымен тұспа-тұс келеді. Аштық жылдарында отбасындағы 16 баланың өзінен басқасы аман қалмағандықтан, ол тіршілік тауқыметін ерте татты. Сөйте жүріп, белді оқу орындарында білім алды, ой-өрісін кеңейтті. Ал, бала десе ет-жүрегі елжіреп сала беретін режиссер 1983 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған театр алдында отырып, жан тапсырды. Саналы ғұмырында қазақ ұланын тәрбиелеген азамат осылайша мәңгілік мекеніне де балдырғандардың ортасында отырып аттанды. Оның «Менің атым Қожа» мен «Алпамыс мектепке барады» фильмдерінен бастау алған еңбегі замана тоғысында өз маңызын жоймақ емес.
Мадина Оқас, Айдана Нұраш, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы