Әнші жаңа бейнебаян түсіруді жоспарлап отыр
Алматыда халық әндері жинақталған «Анамның әлдиі» атты үнтаспаның тұсау кесері өтті. Ән жинақ Шаба Әденқұлқызынікі. 2 мың таралыммен 18 композиция қамтылған үн таспа Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары музейінде өткен әншінің шығармашылық кешінде таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның тең жартысы – анасынан естіп өскен әндері екен. Алдағы уақытта Шаба Әденқұлқызы халық әндерін қайта жаңғыртып, қатарын көбейтуді, сондай-ақ, жаңа бейнебаян түсіруді жоспарлап отырғанын айтады.
«Жалпы, алдағы жоспарымыз осы ән жинақты барынша жарнамалау, барынша тарату халыққа. Тыңдасын, жас балалар тыңдасын, жас аналар тыңдасын. Балалары құлағына құйып өссін. Үлкен кісілер тыңдап демалсын», – деді әнші Шаба Әденқұлқызы.
Шығармашылық кеште белгілі композиторлардың туындылары да орындалып, танымал мәдениет қайраткерлері қатысты. Ұлттық өнерді ұлықтауға ұмтылып жүрген әншінің репартуарындағы шығармалар туған елге деген сүйіспеншіліктен туындаған дейді мерекеге келген қонақтар.
«Шабаның туған жерге деген ұлы махаббаты көрінеді. Туған жерге деген ұлы махаббат ананың сүтінен, атаның күшімен еңген. Өйткені 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде қырғын болған. Атасы Нұрбек те сол қырғынның ортасында болған», – деді Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы.