КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Ыхтымбаев 80 жаста

15.05.2021 03:41

Айтулы күнге орай, актерді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады

brod.kz

Бүгін қазақ киносының ақсақалы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржұман Ыхтымбаев 80 жасқа толды. Айтулы күнге орай, актерді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өнер деген киелі кәсіптің тұлпарын тізгіндеп мінген Нұржұман Байжұманұлы актерлық қызметін «Қарбалас таң» фильмімен бастаған. Ауылына келген түсірілім тобының көзіне ілігіп, сол фильмде дебюті сәтті шыққан бозбала бірден «Қазақфильм» киностудиясына штаттағы актер болып жұмысқа орналасады. Қазақ киноактерлерінің арасында бірінші болып КСРО Мемлекеттік сыйлығын иеленген де Нұржұман Ыхтымбаев еді.

«Осы жасқа қаншама үлкен қомақты еңбектерімен келіп отыр. Жемістерімен, жеңістерімен келіп отқан қазақтың майталман актері. Тек қана қазақ киносының емес, мынау посткеңес елдерінің біраз сахналарында түскен. Нұржұман ағамыздың өзі бір кинодан екінші киноға әр образы әртүрлі. Өзінің көңіл-күйі де, жүріс-тұрысы да кейде мұңды болады, кейде көңілді. Жүрген жерінде адамдарды күлдіріп», – деді  режиссер Рүстем Әбдірәш.

Сексеннің сеңгіріне шыққан халық әртісін бүгін өнердегі әріптестері арнайы құттықтап, мерейін өсірді. Қазақ киноөнерінің атасы Шәкен Аймановтың қамқорлығын көріп, Нұрмұхан Жантөриндей тұлғаның мектебінен өткен әртіс жиырмадан астам шетелдік фестивальдің бас жүлдесін иеленген.

«80 деген жақсы жас қой. Бірақ енді өзім 45-тей, сондай сезінемін. Өйткені мен әлі қартаймаймын. Қасиетті күні қазақ елін, қазақ халқын мынау Ораза айт мерекесімен құттықтайын. Аман болыңдар, дендерің сау болсын! Мынау Құдай берген берекеден, бірліктен ажырамаңдар. Тату-тәтті тұрайық», – деді ҚР Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Нұржұман Ыхтымбаев.

Қазақ киносының ақсақалы боп отырған актерді өнердегі ізбасарлары мен замандастары жайсаң, жадыраңқы қалпында біледі. Еңсесін тік ұстап, ортамызда әзіл-қалжыңымен ерекшеленіп тұрған актер қартаймауының сырын да бөлісті.

«Қартаймауымның сыры мен көңілді жүрем ылғи. Жастарды жақсы көрем, оның ішінде қыздарын жақсы көрем. Оның ішінде гүлді жақсы көрем. Көңілді жүрем ылғи. Бар құпия сол», – деді ҚР Халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Нұржұман Ыхтымбаев.

«Кино – ұлттың төлқұжаты» дейді актер. Ал ел мәдениетінің негізгі саласы саналатын кино әлемінде Нұржұман Ыхтымбаевтай кәсіби ұстаз, көпті көрген ақсақалдар көп болса дейсің.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы