|
15.03.2023 | 22:47
1159

Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Темірқазық» концерті өтті

Елдің дамуына зор үлес қоcқан Жүргеновтің биыл 125 жылдығы аталып өтпек

Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына орай «Темірқазық» концерті өтті Almaty.tv

2023 жылды ТҮРКСОЙ ұйымы «Темірбек Жүргенов жылы» деп бекітті. Түгел түркі жұртының мәдениеті мен өнеріне, қоғамдық дамуына іргетас болған қайраткердің мерейтойы ендігіде ел аумағында аталып өтпек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Темір нарком» – Темірбек. Қызметте болған әр жылы елдің дамуына зор үлес қоcқан Жүргеновтің биыл 125 жылдығы. Өткен ғасырдың 30-жылы тұралап тұрған ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгірткен қайраткер қысқа уақытта 400 мектеп салдырған. Қайраткердің өзі негізін қалаған көп мәдени нысанның бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында бүгін «Жүргенов жылы» бастау алды.

«Бүгін Алматыда, келесі аптадан бастап Қазақстанның барлық аймағында ірі іс-шара басталады. Біздің негізгі мақсатымыз – Темірбек Жүргенов сияқты ұлы тұлғалардың есімін, еңбегін ұлықтау. Түркияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, басқа да түркітілдес елдерде осындай шаралар өткізілетін болады. Министрлік тарапынан қадағалап, атсалысады», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Шешіп сөйлеп, кесіп істеген қайраткердің қажырлы еңбегін дәріптеу үшін өткен инфографиялық концерт «Темірқазық» деп аталды. Айтулы іс-шараның бұлай аталуында да зор мән бар. Бүгінгі кештің портреттік көрмесі мен тұсауы кесілген кітабы да, сахналанған әр қойылымы да ел ерінің еңбегін насихаттауға бағытталды.

«Темірбек Жүргенов 10 жыл басшылық еңбегінде 400-ден астам мектеп салды. Қаншама мәдени ошақ, қаншама жоғары оқу орынының негізін қалап кетті. Қысқа ғұмырындағы еңбегінің нәтижесін қазақ ұлты, қазақстандықтар көріп отыр», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Байділдә.

Темірбек Жүргенов – қазақ өнерінің кең қанат жаюына қыруар тер төкті. Тек өнер емес, ол – ұлттық театрдың атасы, әдебиеттің білімдары, оқу-ағарту саласының жанашыры. Бір кездері айтылмаған ақиқат ендігіде паш етіледі, дәріптеледі, үлгі болады.

Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы  

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир