Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрында көрермендерге жаңа қойылым тарту етілді. «На берегу небо» деп аталатын заманауи үлгідегі спектакльдің басты мазмұны романтикаға негізделген. Ұйымдастырушылардың сөзінше, XVI ғасырда дүниеге келген «Dell' Arte» комедия жанрындағы бұл қойылым өнерсүйер қауымға терең ой салады. Өйткені онда өмірдің сан-алуан қиындығын нәзік махаббат арқылы жеңуге болатыны көрсетілген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жақсылық пен жамандық, рух пен материя, жүрек пен ақыл, жазықсыз махаббат пен құмарлық – бұл қойылымдағы бір-біріне қарсы ұғымдар. Спектакльде хореография да бар. Өмір, шынайы сезім мен сатқындық сәттері де көрсетілген. Көрермен негізгі идеямызды түсініп, лайықты бағасын берді деп үміттенеміз», – деді қоюшы режиссер Диана Әкімбаева.
Қойылымның тағы бір ерекшелігі – әртістер үнсіз, тек ым мен дене қимылы арқылы түрлі рөлдері сомдайды. Сондай-ақ шығармашыл ұжымның бұл жобасы қайта өрлеу дәуіріндегі әуендердің сүйемелдеуімен қойылған. Сондықтан идея авторлары көпті тәнті еткен спектакль сәтті өтті деп санайды.
«Перфоманс Corale» сөз тіркесі итальян тілінен «Хорлық қойылым» деп аударылады. Ал біздің негізгі идеямыз – осы хор орындаушыларын көпшілікке жаңа қырынан таныту еді. Осылай шығармашылық бірлігімізді замануи үлгіде көрсете білдік деп ойлаймыз», – деді қойылым авторы Нұржан Қысықов.