Бұрындық ханның қолжазбасы елге жеткізілді

17.02.2023 03:52

Қазақ тарихынан сыр шертер түрлі бағытта 743 құнды материал Алматыдағы ғылыми-техникалық құжаттама архивіне тапсырылды

Алматы телеарнасы

Әлем елдеріндегі түрлі кітапханадан Бұрындық ханның қолжазбасы мен Қазақстан төңірегінің ежелгі заманында сызылған картасы табылып, елімізге жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Одан бөлек, Қазақ тарихынан сыр шертер түрлі бағытта 743 құнды материал Алматыдағы ғылыми-техникалық құжаттама архивіне тапсырылды. Мамандар бүгін оны көпшілікке таныстырып, ғалымдардың қатысуымен арнайы конференция ұйымдастырды.

Өткен жылы орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві құнды дүниелермен толықты. Қазақстандық ғалымдар оны елге жеткізу үшін Польша, Түркия, Катарға арнайы барып, шаң басқан архивтерді ақтарған. Онда қазақ халқының байырғы өмірі, таным-түсінігі мен өмір тіршілігі кеңінен жазылған, көрсетілген, зерттелген.

“Шетелден елге 750-дей архив құжат алып келді. Республика бойынша 7 мың құжат болып есептеледі. Олардың ішінде карталар да бар. Бұрындық ханның хат алмасулары да бар. Көптеген қызықты құжаттар осы біздің архивімізге жеткізілді”, – деді Мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаева.

Мамандар кітаптар мен табылған құжаттарды өңдеуге де ерекше назар аударылатынын айтады. Әр материал өзінің ерекшелігіне қарай әртүрлі уақытта қалпына келтіріледі екен. Мақсат – оқулық пен газеттердің бастапқы келбетін сақтап, оқырманға бүтіндей ұсыну.

“Өткен жылы біз 14 елге барып зерттеу жүргіздік. Соның бірі Қазан мемлекеттік университетіндегі сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімі. Онда қазақ ғалымдарының түрлі бағыттағы жазып қалдырған жұмыстарының үлкен қоры сақталған. Материалдарда қазақ халқының XIII-XIV ғасырдағы мәдениеті жазылған”, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің комитет басшысы Салтанат Тасжанова.

"Шексіз тарих беттері" деген атаумен ұйымдастырылған конференцияға өзге де елдерден келген ғалымдар арнайы қатысты. Олар құжат жинау мен оларды қайта өңдеудегі өздерінің әдіс-тәсілдерімен бөлісті.  

“Мен бұл іс-шараға Қырғызстаннан арнайы келдім. Қазақ мәдениетінің ғылыми жазбалары біздің елде де кеңінен танымал. Зерттеу жұмыстарының бағыты сан алуан. Әдебиет, мәдениет өнермен бірге медицина саласындағы да құнды жазбаларға қызығушылығымыз жоғары”, – деді аға ғылыми қызметкер (Қырғызстан) Ермамат Абсаматов.

Отандық ғалымдар өзге де мемлекеттердегі архивтерге арнайы барып, еліміздің тарихына қатысты құжаттарды зерттеу және оны қайта өңдеу жұмыстарын жүргізу тоқтамайтынын айтты. Одан бөлек, жауапты ведомоствоның хабарлауынша, қазір архив құжаттарын цифрландыру мәселесі де кеңінен талқыланып жатыр екен.

Ұлағат Арғын, Салтанат Нұрғалиева, Рашиддин Якупов, Алматы телеарнасы