7 ай бойы жұмысы тоқтап тұрған мәдени орталықта «Құлагер» спектаклі өтті
Алматыда театрлардың жұмысына рұқсат берілді. Жаңа қаулыға сәйкес Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры көрерменмен қайта қауышты. 7 ай бойы жұмысы тоқтап тұрған мәдени орталықта Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасы желісінде қойылған спектакль өтті. Қойылымды тамашалап қайтқан Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай жалғастырсын.
1945 жылы алғаш өз шымылдығын ашқан театрға биыл 75 жыл. Сондықтан осы мерейтойлық маусымашарға жиналғандардың саны көп болды. Тиісінше мәдени орталық күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық талаптарды да ұмыт қалдырған жоқ. Кіреберіс пен шығатын жерге қолды залалсыздандыру үшін арнайы санитайзерлер орнатылған. Ішке кірмес бұрын әрбір қонақтың қызуы өлшенеді.
«Біз осы сәтті, осы күнді, мынау атмосфераны жарты жылдан аса күттік. Өйткені театр көрерменсіз театр емес. Актер көрерменсіз актер емес. Сондықтан да бізді бағалайтын да, бізді өсіретін де, бізге шабыт беретін де, бізбен бірге қуана білетін ол біздің көрермендеріміз», – деді Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды.
Заманауи Soundrama жанрындағы «Құлагер» спектаклін қоюға бір жылдан аса уақыт кеткен. Қойылымда шығарманың сюжетін құрайтын маңызды оқиғалар ұлттық музыкалық аспаптармен сүйемеленді. Сондай-ақ, үлкен жиындағы ат жарысы, Құлагердің мерт болуы, сонымен байланысты Ақанның қайғы-шерге көмілуі дәлме-дәл суреттелген.
«Қуанышымызда шек жоқ көрерменмен қауышқалы тұрғанымызға. Бүгін, қазір, міне. Құдай қаласа, жарты сағаттың көлемінде көрерменнің алдына шығамыз. Бүкіл зал толық көрермен болмаса да, жартысы болса да соның өзі біз үшін үлкен қуаныш», – деді актер Мақсат Сәбитов.
Көптен бері театрға аяқ баспаған көрермен көңілі бір марқайып қалды. Керемет үйлесіммен қойылған көрініс оларды ерекше әсерге бөледі.
БЛИЦ-1: Өте жақсы әсер алып отырмыз. Осындай спекталдер көп болсын. Осы маусымның ашылғанына қуаныштымыз.
БЛИЦ-2: Керемет! Нағыз қазақтың Құлагерін көрдім.
БЛИЦ-3: Жалпы өзім театрдан қалмаймын. Өте керемет әсердемін.
Айта өту керек, қалалық бас санитариялық дәрігердің 6 қазандағы қаулысына сәйкес театрларда отыру орындарының толуы 50 пайыздан аспауға тиіс. Оған қоса, ауаны баптау және желдеткіш жүйелері үздіксіз жұмыс істеп тұруы керек.
Сымбат Ноғай, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы