Үздік музей қызметкерлері марапатталды

19.05.2021 04:03

«Музей түні» – халықаралық музейлер күніне орай мәдени мекемелердің арасында арнайы ұйымдастырылатын акция

Бүгін халықаралық мұражайлар күні. Әлемнің 150-ден астам елінде аталып өтетін бұл кәсіби мереке Алматы музейлерінде де жалғасып жатыр. «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» ұйымдастырған музей түніне бүгін 6 мұражай қатысады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

«Музей түні» – халықаралық музейлер күніне орай мәдени мекемелердің арасында арнайы ұйымдастырылатын акция. Қаланың рухани өміріндегі маңызды күндердің біріне айналған іс-шара барысында көрмелер, квест-байқаулар мен концерттік бағдарламалар, сондай-ақ, шеберлік сабақтары мен театрландырылған қойылымдар болады.

«Халықаралық музейлер кеңесінің бекітуі бойынша биылғы музей түнінің жалпы тақырыбы қалпына келтіру және жаңғырту. Осы тақырып аясында сіздер біздердің көрермендерімізге, тұрақты көрермендерімізге музей түні акциясын ұсынғалы отырмыз. Онда сіздер түнгі музейлік экскурсиямен танысасыздар», – деді ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Бибігүл Дәндіқарақызы.

Кәсіби мерекеге орай, музей қызметкерлерінің арасында «Музей Фест-2021» республикалық байқауы ұйымдастырылған еді. «Үздік экскурсовод», «Үздік ғылыми қызметкер», «Үздік аймақтық музей» аталымы бойынша жеңіске жеткендер бүгін «Алматы» телеарнасындағы «Таңғы студио» бағдарламасында марапатталды.

«Барлық әріптестерімді бүгінгі халықаралық музейлер күнімен құттықтаймын шын жүректен! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға үлкен табыс тілеймін!» – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Әнуар Үмбетәлиев.

Алматы қаласы бойынша 30-дан астам мұражай бар. Олардың әрқайсысы ел тарихы мен өнерінен сыр шертеді. Бүгінгі акцияға орай, «Музей түнінде» мәдени мекемеге қонақ боламын деушілер үшін мұражай есігі сағат 22:00-ге дейін ашық әрі кіру тегін.

Мадина Оқас