Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Корсар» балетінің тұсаукесері өтті

29.11.2020 04:09

Қойылым үшін 4 негізгі құрам, яғни 60-тан әртіс аса тартылған

Almaty.tv

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында «Корсар» балетінің тұсаукесері өтті. Бір жарым ғасырдан бері сахнадан түспей келе жатқан  поэманың авторы – Джордж Байрон. Тұңғыш рет 1856 жылы Париждегі Гранд-Опера театрында, екі жылдан кейін Петербордағы Үлкен театрда сахналанды. Содан бері «Корсар» классикалық туынды ретінде әлемді шыр айналып жүр. Әлемдік балет өнерінің алтын қорынан орын алған туынды Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында соңғы рет 1996 жылы қойылған еді. Енді міне жаңа серпінмен тұғырға қайта оралып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Соңғы 2 апта өте қызықты болды. Біз бүкіл картинаны қайта жинадық. Ерекше декорациялар мен костюмдер. Біз осы қойылым үшін жаңа адажио, вариацияларды үйрендік. Енді, міне, жанданған нұсқада көрермен назарына ұсынып отырмыз», – деді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Рахым Даиров.

Шығыс нақыштағы декорация, құштарлыққа толы махаббат, кербез кәнизактар, теңіз қарақшылары. Оқиғалар желісінде зұлымдық пен ғашықтық хикаясы қатар өрбиді. Қойылымда бостандық сүйгіш, берік рухты жандардың және романтиканың басымдығын көруге болады. Шиеленіске толы шытырман хикаят Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Түткібаеваның жетекшілігімен жүзеге асты.

«Бұл жарқын бояуларға толы әсерлі пьеса. Сюжет романтикалық және шытырман оқиғалармен өрбиді. Корсарлардың өмірі мен махаббат жайлы қойылым. Негізгі классикалық сәттерді қалдырып, би мен кейбір көріністерді өз нұсқамыз бойынша қойдық», – деді ҚР Халық әртісі, қоюшы-хореограф Гүлжан Түткібаева.

Қойылым үшін 4 негізгі құрам, яғни  60-тан әртіс аса тартылған. Бір жарым сағаттық көрініс оркестрдің ойнауындағы жанды музыкамен сүйемелденді. Әуеннің негізгі бөлігі Адольф Аданның туындыларынан тұрады. Сондай-ақ, әлемге әйгілі Минкус, Дриго, Дворжак, Чайковский сияқты композиторлардың әуендері ойналды.

«Бұл «Корсар» балетінің көптеген қойылымдарға байланысты көптеген түрлері бар, айырмашылықтары бар. «Корсар» балетіне жазылған көптеген үзінділері тыс қалып қалған. Сондықтан оларды қайтадан орнына қайтарып, толықтырып, сондай бір түрін жасадық енді», – деді Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері Ерболат Ахмедияров.

Тұсаукесер «Корсар» балет премьерасының 165 жылдығы қарсаңында арнайы ұйымдастырылып отыр. Қойылым желтоқсан айының бірінші жартысына дейін жалғасады.