Еліміздің алғашқы архивтанушысы Марат Хасанаев жайлы не білеміз

Еліміздің алғашқы архивтанушысы Марат Хасанаев жайлы не білеміз
Бүгін еліміздің мұрағаттық заңнамасын қалыптастыруға бастама болған Марат Хасанаевтың туғанына 75 жыл толып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ол – еліміздің алғашқы архивтанушысы. Ол – тарихта айтылмаған сырлар мен құрбан болған қазақ зиялылары туралы, ашаршылық пен Екінші дүниежүзілік соғысындағы тың деректерді архив негізінде жарыққа шығарған тұлға. Бүгін еліміздің мұрағаттық заңнамасын қалыптастыруға бастама болған Марат Хасанаевтың туғанына 75 жыл толып отыр. Бар ғұмырын осы салаға арнаған қайраткер туралы Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт айтсын.

Хасанаев Марат Жақсыбайұлы 1946 жылы 20 мамырда Алматы облысында дүниеге келген. Мектеп бітіріп, 1969 жылы Мәскеуде мемлекеттік тарихи-архив институтында білім алады. Елге оралған соң,14 жыл Қазақстанның өлкелік архивын басқарып, 20 жылдан аса ғұмырын осы салаға арнаған.  

«Менің жолдасым – осы Қазақстанның архив өміріндегі бірінші адам. Архив институтын бітірген бірінші маман. Мынау архивтің директорлары филологтар, тарихшылар болған екен. Кейін сол кісі болды. Ашаршылықты да, Алашты да, қандай оқиға болса да, соның бәрін өзі ашты ғой енді. Шындықты мойындау керек. Соның арқасында барлығы жабылып жұмысқа кірісті. Марат айтатын, әлі де болса архивтің бар жоғы 4 пайызы ашылды деп. Қоймаларды,бәрін ол жатқа білетін», – деді  Марат Хасанаевтың жұбайы Жұмахан Нұрмәмбетқызы.

Мемлекетіміздің архив қорын қалыптастыруда елеулі еңбек еткен Марат Хасанаевтың арқасында 1998 жылы «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заң қабылданған. Алғашқы «құпиясыздандыру» жұмыстарының басы-қасында жүрген ол Махамбет Өтемісұлы, Исатай Тайманұлы, Дінмұхаммед Қонаев, Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы туралы тың мәліметтер жазған. Сондай-ақ, ашаршылық, Екінші дүниежүзілік соғысының деректерін архив негізінде зерттеп, жарыққа шығарған тұлға.

«Қазақ тарихының көптеген айтылмай келген мәселелерін, айтылмай жүрген тақырыптарды, өзекті мәселелердің барлығын архивтік құжат негізінде жариялай бастады. Сонымен қатар, ең маңыздысы  ол архив қызметінің жұмысын көрсетті. Сонда «Менің бар тілегім дейді - басқа да адамдар осы құжатқа қамқор бола білсе екен» деген тілегін айтқан», – деді ҚР Орталық мемлекеттік архивінің бөлім қызметкері Гүлназ Рахметжанқызы.

Кәсіби маман архив ісінің мәселелеріне қатысты  200-ге жуық ғылыми еңбек пен мақалалар, баяндамалар жазған. 20-дан аса түрлі материалдары, 415 жеке құжаты қазір өзі жұмыс істеген мұрағат қорында сақтаулы тұр. Осы тұста, тарихта өшпес із қалдырған Марат Хасанаевты еске алған жақындары бүгін 75 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды.  

«Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде комиссия жұмыс жасап жатыр. Осы жұмыстың ең алғашқы басында да Марат Жақсыбайұлы Хасанаев тұрған еді. 1991-1992 жылдары қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияда да ол кісі үлкен еңбек сіңірген. Бүгінгі таңда осы архив ісін насихаттау, архивтің мемлекеттің тарихын жасауда рөлін халыққа түсіндіру өте маңызды», – деді ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай.

Марат Хасанаев қызмет еткен Орталық мемлекеттік архивтің құрылғанына биыл 100 жыл толады. Еліміздің алғашқы архивтанушысының тілегі бүгінде орындалып, қазір қорда 18 ғасырдан бастап жүйелі жинақталған 1,5  миллионнан аса мемлекетіміздің басты тарихи құжаттары сақтаулы тұр.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров