|
01.10.2020 | 23:41
4190

95 жыл: Нұрғиса Тілендиев музейінде жаңа экспозиция ашылды

Мерекелік іс-шараға қоғам зиялылары мен дәулескер күйшінің жақындары қатысты

95 жыл: Нұрғиса Тілендиев музейінде жаңа экспозиция ашылды

Бүгін әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің музейінде жаңа экспозиция ашылды. Ұлы күйшінің 95 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға қазақ зиялылары мен қала тұрғындары қатысып, халық әртісінің 3 мыңан аса мұрасымен танысты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт толығырақ тарқатады.

Биыл қазақтың әйгілі композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 95 жыл толды. Осыған орай, бүгін шаһарда ұлы тұлғаның мемориалды музейінде жаңа экспозиция жасалды. Мерекелік іс-шараға қоғам зиялылары мен дәулескер күйшінің жақындары қатысты. Сондай-ақ, қала әкімдігі мұражайға «жаңа домбыра» тарту етті. Ал "Отырар сазы" оркестрі Нұрғиса әуендерімен Алматы аспанын әуелетті.

Мерекелік қойылымнан кейін, қонақтар композитордың жаңа мұраларымен танысты. Экспонаттардың ішінде күйші Мәскеуде тіктіріп, дирижерлік еткенде киген костюмі, үш домбырасы, 500-ден аса туындылары мен қолжазбалары, сондай-ақ, Дінмұхаммед Қонаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен шай ішкен ыдыстары қойылған. Осылай, 30 жыл отасқан жары Нұрғиса Тілендиевтен қалған қазынаны халық мұрасына айналдырыпты.

«16 жыл күтіп отырдым. Барлық аспаптарын күтіп, шаң жуытпай, көзімнің қарашығындай қарап отырдым. Нұр ағадан кейін осы пәтер мұражай болуы керек, өзі айтып кетіп еді деп. Сол 2014 жылы мұражайға алды. Өте қуаныштымын! Барлығы халық үшін, әрине», – деді Нұрғиса Тілендиевтің жұбайы Дариға Тілендікеліні.

Сондай-ақ, музыка өнерінде өшпес із қалдырған сазгер 1943 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, Бауыржан Момышұлы секілді тұлғалармен бірге айқасқан. Мұражайда композитордың батырлығы үшін берілген медальдары мен майдандас достарына арнаған туындылары да бар. Сондай-ақ, күйші «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» секілді кинотуындылар мен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» мультфильмдеріне де әуен жазған. Атадан қалған дәстүрді сақтап, қазақ руханиятын дамытқан ұстаздарын шәкірттері ыстық ықыласпен еске алды.

«Ол кісінің жұмысқа деген адалдығы, тазалығы... Бір шығарманы жасау үшін ол кісі терлеп-тепшіп, бір жеті жұмыс жасайтын. Дирижерлығы, оның есту қабілетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оркестрде жүз адам болса, жүз адамның барлығының қалай ойнағанын естіп отырады», – деді Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті, композитор Ермұрат Үсенов.

«Бұл кісінің тағдыры да, өмірі де бәрі күрделі болды. Соғысқа да қатысқан, жетімдікті де көрді, ашаршылықты да көрді. Бірақ Құдай ол кісіге талантты аямай төгіп берген. Шығармаларында ұлттық нақышты жоғалтпай, үлкен деңгейде көрсете білді», – деді Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті, композитор Дүйсебай Шаштайұлы.

Ал, 5 жыл бұрын ашылған мұражай қазір толық жөндеуден өтіп, келушілерге есігін айқара ашқан. Тіпті, жаңа технологиялармен жабдықталыпты. Ол жерден қонақтар біртуар таланттың өмірі жайлы ақпар ала алады.

«Негізгі 3214 экспонат бар. Қазір соның қор сақтауында жартысы тұр. Бірақ эскпозициялар үнемі өзгеріп, әр іс-шара өткен сайын жасалып тұрады», – деді қалалық Музейлер бірлестігінің директоры Әнуар Үмбеталиев

Қазақтың маңдайына біткен ұлы күйші 1982 жылы ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен композицияларды орындайтын «Отырар сазы» оркестрін де құрған. Сонымен қатар, ол Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Абай секілді ұлы тұлғалардың шығармаларына әуендер жазған сал серілік дәстүрдің соңғы тұяғы еді.

Ал адамдар күліп бастап өмірін,

Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалады.

Жүректі тебіренткен бұл туындының композициясын Нұрғиса Тілендиев дәл осы аспапта дүниеге әкелген. 1979 жылы сатып алынған бұл рояльде ұлы күйшінің «Саржайлау», «Өз елім», «Есіңе мені алғайсың», «Куә бол» секілді халыққа кеңінен танымал шығармалары да жазылған. Қазақ музыкасының биі шыңына айналған бұл әндер мәңгіге еліміздің мұрасы болып қала бермек.

Аяулым Көлжігіт, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир