Алматыда доллар қанша теңгеден сатылып жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Сарапшылардың айтуынша, елде болып жатқан қаржылық өзгерістер экономикаға теріс ықпал етуі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресейге салынып жатқан санкциялар Қазақстанның экономикасына да әсер етіп отыр. Себебі, бүгіннің өзінде елдің қор биржасындағы доллар бағамы шарықтап кетті. Сәт сайын өзгеріп отырған валюта құны орташа көрсеткішпен айтсақ, 466 теңгенің айналасында сатылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Түске дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/-1 тармақтағы пайыздық дәлізімен 13,5% деңгейінде белгілеу туралы кезектен тыс шешім қабылдаған еді. Айта кету керек, қазір нарықтағы Ресей компанияларының да акциялары біршама түскен. Ал бірер уақыт бұрын «Ресей БАНКі» қаржылық нарықта ахуалды тұрақтандыру үшін валюталық интервенция жасады.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені бірден 2.25 пунктіге көтерді. Ал оның артуы экономиканың негізгі қозғаушы күші болып отырған бизнеске де әсер етпек. Сарапшылар бұл ретте «кәсіпті, әсіресе іскерлік ортаны қаржыландыру мүлде жайында қалуы мүмкін» деп қауіптенеді. Себебі, елде болып жатқан қаржылық өзгерістер экономикаға теріс ықпал етуі бек мүмкін. 

«Егер рубльмен есептесек, теңгеміз 500-дің үстіне шығып кетер еді. Бірақ тең дәрежеде рубльмен байланысты емес екенін көрсетті деп айтуға болады. Құнсызданды, бірақ рубльдің дәрежесінде емес. Ал енді алдағы келешекте қандай болатыны жағдайдың қалай өрбитініне байланысты деп атап өткім келеді», - деді экономист Мақсат Халық.

Бүгін сағат 13.00-дегі ақпар бойынша, Ұлттық банк 104 миллион долларға, ал жалпы апта бойында 137 млн долларға интервенция жасады. Бірақ әзірге бұдан баға тұрақтала қойған жоқ. Ал егер Ресейге Еуропа тарапынан әлі де санкция салынатын болса, көрші мемлекеттің валютасы құлдырайды. Сарапшылар бұдан «Қазақстанның алтын валюта резерв қоры азайып, отандық өндіріс тұралауы мүмкін» деген болжам жасап отыр.

«Кеше ғана 444 теңге болған еді, бүгін 470 теңгеге көтерілді. Ертең қалай болары белгісіз. Алатын тамағымыз, киім, энергоресурстарымыз, бәрі қымбаттайды. Сондықтан өмір қымбаттайды деген сөз. Бұл – жақсылық емес», - дейді қала тұрғыны Сәлім Жоқышев.

«Енді ажиотаж болып жатыр ғой. Біреулер сата алмай жатыр, біреулер ала алмай жатыр. Мысалы біз қазір долларды сата алмай жатырмыз. Теңге жоқ дейді», - деді қала тұрғыны Жамбыл Өтеулиев.  

Қазақстан қор биржасының өкілдері ұлттық валютаға сыртқы факторлар әсер етіп отырғандықтан, енді теңге бағамы қанша болатынын айту қиын дейді. Ал әзірге айырмашылық біршама сақталып отыр. Айта кету керек, ел үкіметі мен Ұлттық банк бұған дейін қаржы мекемелеріндегі депозиттік салымдарға 10 пайыз мөлшерінде өтемақы төленетінін де жеткізген еді.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, Ялкунжан Ашимжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров