Жерасты суларының құрамында кездесетін өнім
Қазақта "дәм-тұзың таусылмасын" деген сөз бар. Тұз – адам денесінің зат алмасуы үшін қажетті зат, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Оны қалыптан тыс көп тұтыну – зиян. Дәрігерлер тұзды қалыптан тыс тұтынудың жоғары қан қысымына, жүрек ауруына және бүйрек қабынуы сияқты ауруларға әкелетінін ескертеді.
Неше мың жыл бұрын өмір сүрген ғұн, түркі бабаларымыз тұзды тастамай өзімен бірге ала жүрген. Тұздың құдыретін ықлым заманнан ата-бабаларымыз білген.
Қазіргі заманда оның құрамын анықтап, ағзаға әсерін анықтаған ғалымдар бабалымыздың шексіз даналығына бас иеді. Тұз - натрий хлориді, NaCІ. Түссіз кристалды зат. Суда, сұйық аммиакта, спирттерде, этиленгликолда, құмырсқа қышқылында ериді. Ал тұз қышқылында ерімейді. Табиғатта галит минералы (тас тұзы) түрінде мұхиттар мен теңіз, сондай-ақ көл және жерасты суларының құрамында кездеседі. Уикипедиядан алынды.
Шығыс халықтарында тұзды пайдалану, тұзды тамақ және шай ішу дәстүрі әлі күнге дейін сақталып келеді. Мәселен, Қытайдағы және Монғолиядағы қандастарымыз шәйді тұзбен ішуді әлі сақтап келе жатыр.
Ал қазақ халқы тұзды қатыққа қосып, құрт жасаған. Кепкен құртты қоржынға салып, алыс сапарларға бірге алып жүрген. Тұзды құрт - адамның шөлін басып, алыс сапарларда қарнын ашырмаған. Тіпті жолаушының әлсіреп қалмауына септігін тигізген.
Ғалымдардың мәліметінше, тұздың басты құрамы натрийдің белгілі мөлшерін ағзада бүйрек сақтайды. Егер адам денесіндегі натрий көрсеткіші төмендесе, бүйрек өз қызметін тездетіп, натрийді қанға өткізеді. Ал оның мөлшері шамадан асып кетсе, бүйрек оны сыртқа шығаруға дәрменсіз боп, натрий қанда ұзақ тұрып қалады. Нәтижесінде ағза оны сумен сұйылтуға тырысады. Ал бұл үрдіс қан қысымының көтерілуінің негізгі себепшісі болады. Сонымен бірге, жүректің соғу реті жиілей түседі.
Бұл ас тұзының адам ағзасына қаншалықты қажет екенін көрсетеді. Алайда әр нәрсенің өзінің мөлшері мен шегі бар. Соны қаперден шығармаңыз.
Оқи отырыңыз: Керек кеңес: азық-түлік сатып аларда ақшаны қалай үнемдеуге болады