Мультижүйелі қабыну синдромының негізгі клиникалық белгілері қандай? Бұл туралы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаева жан-жақты мағлұмат берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Мультижүйелі қабыну синдромының тағы бір атауы – Кавасаки тәрізді синдром, өйткені ол Кавасаки ауруымен клиникалық ұқсастыққа ие, бірақ белгілі бір айырмашылықтары бар. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаева Мультижүйелі қабыну синдромының негізгі клиникалық белгілерін атады.
«24 сағат ішінде 38,5-тен жоғары температураның болуы, асқазан-ішек жолының зақымдануы – іштің ауыруы, құсу, жүрек айнуы, диарея. 50%-да тыныс алу жүйесінің зақымдануы мүмкін – жөтел, ауыр пневмонияның дамуына байланысты ентігу туындайды. Айқын біліну дәрежесі әртүрлі денедегі бөртпе дақ, дақты-папулез, конъюнктивит, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, алақанның, аяқтың ісінуі мүмкін. Жүрек тұсында ауырсыну түріндегі кардиоваскулярлық симптомдар болады. Сонымен қатар, тілдің қызыл таңқурай тәрізді қызаруы, еріннің қызаруы байқалады», – дейді медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаева.