Себебі өмірден өткен адамның туыстары сау ағзаны науқас адамға салуға көп жағдайда рұқсат бермейді
Өмірден өткен адамның туыстары сау ағзаны науқас адамға салуға көп жағдайда рұқсат бермейтін көрінеді. Бұл елімізде мәйіттік донор саласының саласының ақсап тұрғанын көрсетеді. Соның салдарынан қаншама адам ауруын асқындырып, өмірімен қош айтысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстанда 3000 мыңнан астам науқасқа донор қажет. Бұл туралы бүгін Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов мәлімдеді. Сондай-ақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске биыл 600-ден астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілмек. Дәл қазір бұл жоба қоғам талқылауында.
Адам дені сау тірі кезінде өз ағзасын алуға қағаз жүзінде қарсы екенін білдірмесе, ондай жағдайда ол өлгеннен кейін қарсы емес болып саналады. Яғни, адам о дүниелік болғаннан кейін оның сау ағзасын алуға болады деген сөз. Бұл – 2009 жылдың 18 қыркүйегі күні қабылданған заң. Елімізде донорды сату, сатып алуға тыйым салынады. Донор ретінде көп жағдайда тек туыстық қатынасы бар науқастардың ағзалары бір-біріне сәйкес келеді. Мамандардың айтуынша, тәжірибеде бұл анасы, ағасы немесе інісі. Адам биологиялық және мидың өлуі кезінде ғана донор бола алады. Себебі, жүрек, өкпе жұмыс істеуін тоқтатпайды.
«Елімізде 2601 ересек, 74 бала бүйрек ауыстыру кезегінде тұр. 122 ересек адаммен 11 баланың жүрегін ауыстыру қажет. Қазақстанда оларға донор табылмай отыр. Табылса да, өмірден өткен адамның туыстары сау ағзаны беруге рұқсат бермейді. Қазақстанда ағза ауыстыру отасы тегін жасалады», - деді «А. Н. Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Болатбек БАЙМАХАНОВ.
Қазақстанда әрбір бесінші науқас осы донор табылмағанның кесірінен көз жұмады екен. Мамандардың айтуынша, сау ағзаны күтіп отырған науқастарға неғұрлым тезірек ота жасалса, соғұрлым өмірін алып қалу мүмкіндігі жоғары. Сондай жандардың бірі - Айгүл Құсмолданова. Ол 31 жастағы қызына донор іздейді. Мөлдір есімді қызының 2 бүйрегі осыдан 8 жыл бұрын жұмысын тоқтатақан. Ауруға шалдыққалы бері гемодиализге барып жүр. Ол бүйрек қызметін жасанды жолмен атқаратын аппарат. Мұндай құрылғы денедегі қанды айдаумен қатар адамның басқа да ағзасына кері әсерін тигізетін көрінеді. Әсіресе, жүрекке салмақ түседі екен.
«Күнара барып, қанын тазалайды. Ішке жиналған сұйықтықты тазалайды. Аптасына 3 рет 4 сағаттан барамыз. Қызым да басқа қатарлары секілді отбасылы болғысы келеді. Бізге кедергі болып тұрған нәрсе – бүйрек табылмай отыр», - дейді қала тұрғыны Айгүл ҚҰСМОЛДАНОВА.
Өмірден өткеннен кейін адам ағзасын ауыстыру аса үлкен шешімді қажет ететін дүние. Мұндайға көзқарасыңыз қалай деп көпшіліктен сұрап көріп едік, қоғамның пікірі екіге бөлінді.
«Мен мұсылман болғандықтан, ондайға қарсымын, қайтыс болғаннан кейін ағзамды бермеймін», - деді бірі.
«Мен берер едім, қайтыс болғаннан кейін, ағзамыз сау болса, неге басқа адамның өмірін сақтап қалмасқа?!», - деді екіншісі.
Қазақстанда қазір ағзаны ауыстыратын 7 клиникалық орталық бар. Оның 4-і бүйрек, 2-і бауыр, 1-і жүрек ағзаларын ауыстыратын хирургиялық орталық. Олар елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласында орналасқан.