Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
«Медицина қызметкерлері күні қарсаңында қаланың барша медицина өкілін кәсіби мерекесімен құттықтадым. Алдымыздағы негізгі міндеттің бірі – қауіпті індетке төтеп беру мен диагностикалық және емдеу қызметінің сапасын арттыру. Еңбектің жемісін көріңіздер!» – деп жазды әкім.
Сонымен қатар, кәсіби мереке қарсаңында қаланың бірқатар дәрігері мен эпидемиологы Алматы қаласы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Медицина қызметкерлерін құттықтай отырып, Б. Сағынтаев олардың коронавирус пандемиясымен күресуге қосқан үлесін атап өтті. Дәрігерлер мен санитарлық-эпидемиологтар қала тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау үшін тәулік бойына тынбай жұмыс істеді. Соның арқасында қала пандемияның соққыларымен күресіп, қазір жағдай тұрақталды.
Медициналық қызмет сапасын арттыру және диагностикалық және медициналық көмек көрсетуді уақытында көрсету – дәрігерлер мен қала әкімдігінің ортақ міндеті. Соңғы екі жылда медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы едәуір жақсарды. Көптеген жылдар ішінде алғаш рет ауруханаларда медициналық газдар жүйесі орнатылды, ағынды суларды залалсыздандыру және медициналық қалдықтарды жою жүйелері орнатылуда.
«Медицина қызметкерлері күні барлығымызға құтты болсын. Мынау індетті бірге жеңіп шығайық. Ол үшін вакцина алуымыз керек. Қала әкімдігіне, қалалық денсаулық сақтау басқармасына рақмет. Солардың арқасында ауруханамызда жаңа технологиялық аппараттар толығып жатыр», – деді қалалық орталық клиникалық ауруханасы жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Ерболат Әділбеков.
Біліктілікті арттыру және кадр тапшылығын азайту мәселелері шешілуде. Медициналық өте қажет мамандықтар бойынша резидентурада оқуға 120 грант бөлу қарастырылған. Өткен жылы 35 жасқа дейінгі 300 медициналық қызметкер «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несие алып, баспана сатып алды.
«Медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Барлықтарыңызға денсаулық, жақсылық тілеймін. Дәрігерлерге арнап мына тақта жасалып, бәріміздің жұмысымыз бен жетістіктерімізді бағалап жатыр», – деді Ақсай республикалық университеттік клиника бас дәрігерінің орынбасары Айгүл Медеуылова.
Алматы 30 мыңға жуық медициналық және ғылыми қызметкерлер жұмыс жасайтын ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, медициналық білім беру ұйымдары, қалалық, республикалық, ведомстволық, жеке клиникалар шоғырланған медицинаны дамыту орталығы болып қала береді. Аталған сала тың технологиялармен де тоқтаусыз толығып тұратынын айта кеткен жөн.
«Әкімдіктің қолдауымен осы жылдың басынан бері магниттік резонансты тамограф жұмыс істей бастады. 2020 жылы шығарылған аппарат экперттік класқа жатады. Осы күнге дейін аталған құрылғының арқасында мыңнан аса зерттеу жасап үлгердік», – деді №32 қалалық емхананың бас дәрігері Артур Қажыбаев.