Елімізде мүгедек қыз-келіншектер дәрігерлердің мәжбүрлеп түсік жасататындарын айтты

1tv.kz
1tv.kz
Еліміз бойынша бала көтеретін жасқа келген 142 мыңға жуық әйелдің мүмкіндігі шектеулі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздегі мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектер өз еріктерінен тыс түсік жасатуға мәжбүр екендерін айтады. Ана денсаулығына алаңдағандай сыңай танытқан дәрігерлер жарымжан жанның қарсылығына қарамастан әлі дүние есігін ашпаған баласынан бас тартуына итермелеуде.

Тіпті, намысқа тиетін сөздер айтады дейді олар. Сандарға сенсек, ерекше жандардың әрбір 183-сі ғана ана бақытының не екенін сезе алған. Содан болса керек, мүгедек жандардың істің ақ-қарасын анықтамай, перзентінен айырған дәрігерлерге өкпесі қара қазандай. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Еліміз бойынша бала көтеретін жасқа келген 142 мыңға жуық әйелдің мүмкіндігі шектеулі. Тағдыр тауқыметін бастан өткірген жандардың арбаға танылғаны былай тұрсын, ана болу бақытынан да айырылған. Себебі, олар жүкті болып қалған жағдайда дәрігерлер аборт жасатуға үгіттеп, түрлі дәрі-дәрмекті алдына үйіп береді дейді құқық қорғаушы Ирина Бобкова. Бұл мәселені бес саусағындай білетін қоғам белсендісі мұндай жағдайлар жыл санап көбейіп бара жатқанын айтады.

«Тіпті, жарымжандардың сөзіне ешкім құлақ аспайды, таңдау жасауларына да мүмкіндік бермейді», – дейді ол.

«Біздің дәрігерлер әлі ескі заманың ағымымен қарайтын сияқты. Жарымжансың ба, демек дүниеге бала әкеле алмайсың. Міндетті түрде жүкті болсаң алдыртып, кейін де аяғы ауыр болып қалмау үшін гармоналдық дәрілерді ішкізеді. Сен оны қалайсың ба, қаламайсың ба, шаруалары жоқ. Ал қарсылық білдіргендерді ата-анасы, күйеуі немесе жақын туысы арқылы көндіртіп алады», – дейді «Таңдау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ирина Бобкова.

Бұдан бөлек, әйелдерге арнайы кеңес беретін мамандардың жоқтың қасы. Олар қарапайым ақпарат алудан да қағылған. Ал ауыл-аймақтағы жағдайды айту тіпті қиын. Мәселен, Алматы облысының тұрғыны Ляззат Салықованың ішіндегі шаранасын алып тастауға ақхалаттылар үгіттепті. Тіпті, ауыр сөз айтып, кемсітті дейді ол.

«Маған дәрігерлер «бұл бала ертең кімге керек болады? Әлі өкінесің» деген ауыр сөздер айтты. Ол кезде мен жас едім, көп нәрсені түсіне бермейтінмін. Мен көп уақыт қарсыластым. Бірақ соңында дәрігерлердің айтқынына көнуіме тура келді. Кейін түрлі гармоналдық препараттарды да іштім. Бірақ жақында менің диагнозыммен де балалы болған әйелдерді көріп, қабырғам қатты қайысып кетті. Енді түрлі дәрілерді қабылдағаннан кейін, бала көтере алмайтын болдым», – дейді қала тұрғыны Ләззат Салықова.

Сандарға сенсек, 2013 пен 2017 жылдар аралығында екі миллионға жуық (1 975 979 ) сәби дүниеге келіпті. Оның ішіндегі 776 баланы жарымжан жандар туған. Бұл деген - сөз соңғы бес жылдың ішінде мүмкіндігі шектеулі 183 әйел ана бақытын сезінген.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты былай дейді.

«Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен босануға қатаң тыйым салынатын диагноздардың тізімі бар. Оған өте ауыр сырқаттар кіреді. Мәселен, ВИЧ инфекциясы, туберкулез, жүйке аурулары, тағысын тағы. Егер осымен ауыратындар жүкті болып қалған жағдайда, арнайы комиссия құрылады. Яғни, баланы дүниеге әкелуге бола ма, жоқ па, сол жағы анықталады. Егер ешқандай қарсылық жоқ болса, ананың босануға толық құқысы бар», – дейді ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті орынбасары Гүлайым Миржанова.

Әр әйел адам үшін бала сүюден артық бақыт жоқ. Сондықтан да мүмкіндігі шектеулі болса да, оның құқын таптауға ешкімнің қақы жоқ дейді мамандар.


Новости партнеров