Наурызбай ауданында жаңа емханалар салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында 500 келушіге арналған 2 жаңа емхана мен 1 дәрігерлік амбулатория салу жоспарлануда.
"Құрамыс шағынауданындағы бірінші емхана бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Осы жылдың қазан айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу күтілуде, қаржының бөлінуіне қарай құрылысты 2024 жылдың I-тоқсанында бастауды жоспарлап отырмыз. Екінші емхана бойынша Шұғыла шағынауданында жобалау ұйымымен шарт жасалды. Осы жылдың IV-тоқсанында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, құрылысты 2024 жылдың көктемінде бастаймыз. Ақжар шағынауданындағы 200 орындық дәрігерлік амбулатория бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс шамамен 2024 жылдың II-тоқсанында басталады", - деді қала басшысы Ерболат Досаев.