|
Densaýlyq
02.07.2019 | 10:00

Әлеуметтік медициналық сақтандырылған азаматтар қандай артықшылықтарға ие болады?

Қандай медициналық қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі?

Әлеуметтік медициналық сақтандырылған азаматтар қандай артықшылықтарға ие болады?

Қазақстан үкіметі кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерін бекітті. Сонымен пакеттерге қандай қызметтер кіреді? Сақтандырылған азаматтар қандай артықшылықтарға ие болмақ? Қандай қызметтер бұрынғыша тегін болып қала береді?  

Қандай медициналық қызметтер сақтандыру арқылы көрсетіліп, қайсысы тегін болып қала береді деген сұрақтың көпті мазалайтыны анық. Дегенмен бұл сұраққа жауап іздемес бұрын Қазақстанға МӘМС реформасы не үшін қажет болды деген мәселенің басын ашып алайық. Себебі қазіргі таңда тегін медициналық көмек пакетіне барлық қызметтер енген. Тек қағаз жүзінде. Ал, мемлекет бөлетін қаржы халықтың сұранысын толық қанағаттандыруға жетпейді. Оның үстіне, медқызмет құны үнемі қымбаттап отырады, ал онсыз да арзан тұрмайтын қондырғылар қосымша қызмет көрсетіп, жиі-жиі жөндеуді талап етеді.

«Бөлініп отырған қаржы медициналық қызметтерге сұранысты толық жабуға жетпейді. Салдарынан халық денсаулығына жұмсалатын шығынның бір бөлігін өз қалтасынан шығаруға мәжбүр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне осы жағдай түрткі болды. Өйткені, жаңа жүйе денсаулық сақтау саласына қосымша қаржы тартып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарушы директоры Забира Оразалиева.

Айтуынша, жүйе сақтандырылған азаматтарға жарнаны мүмкіндігіне қарай төлеп, медициналық көмекті қажетінше алуға көмектеседі. Себебі, таразының басында ақша табу емес, барлық азаматтарды қолжетімді, сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселесі тұр.  

Мемлекетке де оңай

Қаржы жетпегендіктен тегін көмек тізіміне енген қызметтердің көбі қағаз жүзінде қалып қойды. Қаражат тапшылығы әсіресе, оңалту, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек сынды салаларда ерекше байқалады. МӘМС енгізілгеннен кейін аталған қызметтердің қолжетімділігі артып, сапасы жақсара түсуі тиіс. Өйткені, оның бәрі міндетті сақтандыру пакеті есебінен көрсетілетін болады.

«Бізде оңалтуға жұмсалатын шығын 2,5 есе артқан. Бастапқы медициналық-санитарлық көмекке (БМСК) яғни, емханалар деңгейінде көрсетілетін қызметтерге бөлінетін қаржы көлемі 50% көбеймек. Осындай градациялардың арқасында белгілі бір қызметтерді толыққанды қаржыландыруға мүмкіндік туады. Мысалы, бұрын мұның бәрі мемлекеттің мойнында болса, енді оның қомақты бөлігі МӘМС арқылы іске асырылады», – деді Забира Оразалиева.

Қандай қызметтер бұрынғыша тегін көрсетіледі

Жедел медициналық жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емхана деңгейіндегі бастапқы көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік-диагностикалық қызметтер кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінде қалады. Бір қызмет тегін пакет шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетіле беруі мүмкін. Бұл жағы пациенттің жағдайына байланысты шешіледі. Мысалы, егер пациент шұғыл көмекті қажет ететін болса көмек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, ал, жоспарлы көмек МӘМС есебінен көрсетіледі. Осының ара-жігін ажырата білген жөн.

Емханалар қалай жұмыс істейді

Бастапқы медициналық-санитарлық көмек бұрынғыша тегін көмек пакетінде қалады және енгізілгеннен кейін де өзгеріссіз көрсетіле береді. Яғни, емханалар тіркелген пациенттерге бұрынғыша қызмет көрсете береді, үйге шақырған пациенттерге барады, балалар мен жүкті әйелдерді бақылайды. 4 санаттағы жедел жәрдем шақыртуларына да солар барады. Және мұның бәрі міндетті түрде тегін көрсетіледі.

«Жалпы, қарапайым азаматтар ең алдымен бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына, яғни емханадағы учаскелік дәрігерге барады. Содан кейін учаскелік дәрігер пациенттің денсаулық жағдайына тексеріп болғаннан кейін анализдерге жолдама береді, тегін көмек пакетіне енген қандай да бір ауру табылса, оны тегін емдейді. Ал, ешқандай ауру анықталмай, бірақ пациент әрі қарай жоспарлы түрде көмек алғысы келсе МӘМС қызметіне жүгінеді. Сондықтан емханадағы консультативтік-диагностикалық қызметтер міндетті түрде тегін көрсетіледі», - деді МСҚ басқарушы директоры.

Қазірті талап бойынша бір жалпы практика дәрігеріне тіркелген пациенттер саны 1700-ден аспауы тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылға қарай бұл көрсеткішті 1500-ге дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Нәтижесінде емханалардағы кезек азайып, учаскелер саны артпақ.

«Емханалар халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін қосымша учаскелер ашуға күш салуы керек», - дейді Забира Оразалиева.

Тегін медициналық көмек пакетін кімдер пайдалана алады

Тегін медициналық көмек ең алдымен, Қазақстан азаматтарына, оралмандар мен елімізде тұрақты тұратын шетел азаматтарына көрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулар мен динамикалық бақылауға жататын сырқаттар да тегін емделеді. Ал, Қазақстанда уақытша тұратын шетелдіктер кепілдендірілген тегін медициналық көмекті пайдалана алмайды.

Жоспарлы көмек – сақтандыру пакетінде

Егер шұғыл операция қажет болмаса пациентке жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі. Мысалы, кардиолог, невропатолог, окулист сынды салалық мамандарға жоспарлы түрде қаралып, емделу. Немесе пациентке қымбат зерттеулер жасау қажет болуы мүмкін, ол үшін қосымша бірнеше маманға қаралу қажет. Осының бәріне жұмсалатын шығын сақтандыру есебінен жабылады.

«Жалпы, МӘМС пакетінің ауқымы кең, оған тегін көмек пакетіне енбеген қызметтер кіреді. Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, КТ, МРТ сынды бағасы қымбат болып келетін консультативтік-диагностикалық көмектің барлық түрлері, оңалту және науқастың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-дом түрлері де сақтандырылғандарға көрсетіледі. Қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтін осындай қызмет түрлерін пайдалану үшін сақтандыру жүйесіне қатысқан дұрыс», - дейді Забира Оразалиева.  

Мысалы, науқасқа операция жасау қажет болды делік. Бірақ шұғыл операцияның қажеті жоқ. Сондықтан дәрігерлер ота жасалатын күнді белгілеп, операцияны жоспар бойынша жасай алады. Мұндай жағдайда қызмет ақысы МӘМС қаражаты есебінен өтеледі. Ал, егер пациентті жедел жәрдеммен әкеліп, оның өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, операция мемлекеттік тапсырыс шеңберінде, тегін жасалады.

Оңалту – медициналық сақтандыру пакетінде

Жалпы, оңалту – шұғыл көрсетілетін қызмет түріне жатпайды. Оңалту бұрын тегін медициналық көмек пакетінде болды, бірақ қаржы тапшылығы салдарынан ешқашан толыққанды көрсетілген емес. Ал, МӘМС енгізілгеннен кейін бұл қызмет қолжетімді бола түседі. Әсіресе, мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдігі бар 15 санатқа кіретін мүгедектер, зейнеткерлер, балалар тарапынан оңалту қызметіне деген сұраныс жоғары. Бұл санаттағылардың жалпы саны халықтың 60 процентіне жетіп жығылады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі неде? Жүйеге қатысқан азаматтардың ұтар жері қайсы?

«Мысалы, мен еш жерде ресми түрде жұмыс істемейтін үйбикесімін делік. Табыс көзі бар. Бірақ мен ресми жұмыс істемеймін, жұмыссыз ретінде тіркелгім келмейді. Үйде, бала тәрбиесімен айналысамын. Сонда мен медициналық қызмет пакетін толыққанды пайдалану үшін не істеуім керек? Мұндай азаматтар ең төменгі жалақының 5 проценті мөлшерінде, айына шамамен 3000 теңгеге жуық төлем жасап, сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Есесіне, қажет болған жағдайда сақтандыру пакетіндегі барлық қызметтерді пайдалануға болады», - деді Забира Оразалиева.

Естеріңізге сала кетсек, жарнаны Медициналық сақтандыру қорына төлеуге немесе бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) ретінде төлеуге болады. Жиынтық төлем сомасы қала тұрғындары үшін 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш – 2 525 теңге), ауылдық жерлерде 0,5 АЕК (1 263 теңге) құрайды. МӘМС пакетіне енген медициналық қызмет түрлерін пайдалану үшін БЖТ кем дегенде үш ай қатарынан төленген болуы тиіс.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы толық ақпармен 1414 нөмірі арқылы немесе Қордың fms.kz сайтынан табуға болады.

Шынар Әлжанова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ



‡агрузка...