Жұмыс сапары барысында қала әкімі Ерболат Досаев 2023 жылы емхана ретінде сатып алынған ғимаратты қайта жаңартумен және күрделі жөндеу барысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Райымбек даңғылы, 263/2 мекенжайындағы жаңа медициналық мекеме медициналық-санитарлық алғашқы көмектің (МСАК) бірыңғай стандартына сәйкес жұмыс істеуге көшкен, ол былтырдан бастап Алматыда енгізіле бастаған.
Жалпы ауданы 1547 шаршы метр болатын 4 қабатты ғимарат №33 емхананың балансына берілді. Үй-жайды ішкі жөндеу және әрлеу аяқталды. Медициналық жиһаз және жабдық сатып алынып жатыр.
Бір ауысымда 240 адам қабылдауға есептелген емханаға Жетісу ауданының 30 мың тұрғыны тіркеледі. Бұрын Алмалы ауданының №5 және №8 емханасына медициналық көмекке жүгінген «Жұмысшылар кенті» алабының және жақын маңдағы шағын аудан тұрғындарына «Қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша сапалы медициналық қызмет көрсетіледі.
Гинеколог, отоларинголог, офтальмолог, невропатолог, функционалдық диагностика дәрігері, кардиолог және т.б. жалпы 234 жоғары білікті маманнан тұратын медициналық мекеменің штаты қалыптасып жатыр.
Қала басшысына қазіргі уақытта медициналық лицензия алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны баяндалды. Сонымен қатар, санитарлық талапқа сәйкес болу үшін жақын жерде орналасқан көлік жуу орнын сатып алу қажет.
Жақын маңдағы алаптардың тұрғындары әкімге медициналық мекеменің ашылуын асыға күтетінін айтты. Жер иесі ұсынылған өтемақымен келіспеген көрінеді. Енді жер телімін алып қою мәселесі сот арқылы шешіледі, содан кейін медициналық мекеме алғашқы пациентті қабылдауға кіріседі.
Жетісу ауданында қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету және медициналық көмектің сапасын арттыру аясында биыл тағы екі жаңа емхана ашу жоспарланған. Атап айтсақ, Омаров көшесіндегі бір ауысымда 300 келушіге және Нүсіпбеков көшесінде бір ауысымда 200 келушіге арналған емхана.
Ол үшін қала әкімдігі медициналық мекемеге қойылатын талапқа сәйкес ғимараттарды сатыпх алды. Қазір онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Жетісу ауданында 200 мыңға жуық адам тұрады. Ауданда №11, №21 және «Құлагер» емханасы сынды үш қалалық емхана жұмыс істейді. Осы жылдың маусым айында «Кемел» шағынауданында ауысымына 200 келушіге арналған отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылды.