Жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау шараларына 300 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылған
Қатерлі ісікті емдеу нәтижесі – оны анықтау мерзіміне байланысты. Ауру қаншалықты ерте анықталса, оны емдеу де мейлінше оңай. Оның үстіне, ем-домға кететін шығын да 200 есеге дейін қысқарады.
Биыл Алматы қаласы бойынша қатерлі ісікті анықтауға бағытталған тексерулерге 450 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.
Атап айтар болсақ, 26 млн теңге сүт безі обырын анықтауға жұмсалмақ. Скринингтің бұл түрінен 40 пен 70 жас аралығындағы әйелдер жылына екі рет тегін өте алады. Оңтүстік астана бойынша аталған санатқа жататын әйелдер саны 300 мыңнан асады.
Сонымен қатар, жатыр мойны қатерлі ісігін анықтау шараларына 300 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Тегін жасалатын тексерудің бұл түрінен 30 бен 70 жас аралығындағы әйелдер өте алады. Алматыда бұл санатқа кіретін әйелдердің саны 486 мыңға жуықтайды.
Ал, колоректальді обырға 50 мен 70 жас аралығындағы ерлер де, әйелдер де тексерілуі тиіс. Скринингтің бұл түріне 127 млн теңге жұмсалмақ.
Скрининг мемлекет тарапынан кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде тегін жүргізіледі. Одан өту үшін әр азамат өзі тіркелген емханасына хабарласуы тиіс.