Жыл сайын қатерлі ісікке шалдыққандардың саны артып келеді
Алматыда 5 мыңнан астам онкологиялық науқас ем алды. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жыл сайын қатерлі ісікке шалдыққандардың саны артып келеді. 2023 жылдың 4 айында 6731 науқас емделді, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 676 адамға көп. Қатерлі ісік ауруларының арасында сүт безі обыры бірінші орында, тоқ ішек обыры екінші орында, өкпе обыры үшінші орында, асқазан обыры төртінші орында тұр.
2023 жылдың І тоқсанында Алматы онкологиялық орталығында 578 хирургиялық араласу жасалды, 4144 науқас химиотерапиялық ем алды, оның 74,2%-ы күндізгі стационарда (3074) емделді. Рентгенологиялық бөлімшеде 272 онкологиялық науқасқа 4876 сәулелік терапия сеансы жасалды.
Сондай-ақ, 3691 науқас амбулаторлық химиотерапия кабинетінде ем алды.
Қатерлі нозологияға күдікті науқастар мен онкологиялық ауруларға арналған диагностикалық зерттеудің ұлғаюы байқалады – 130 000-ға жуық талдау жасалды, өткен жылы бұл көрсеткіш 97 612 болды.
Бұған КТ және МРТ зерттеулері, эндоскопиялық және ультрадыбыстық зерттеулер, цитологиялық және клиникалық диагностикалық зерттеулер кіреді.
Алматы онкологиялық орталығында 40 мыңға жуық адам онкологтың кеңесін алды.
Бүгінде Орталықта 29 953 онкологиялық науқас есепте тұр.