Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты
Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханаға 100 жастағы науқас шұғыл жеткізілді. Дәрігерлер оған күрделі жоғары технологиялық операция жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, дәрігерлер қарт әжейге сүйек сынықтарының ығысуы мен сол жақ жамбас сүйегінің жабық түрдегі сынуы диагнозын қойған.
Науқастың жасы ұлғайғанын, қатар жүретін аурулардың болуын ескере отырып, дәрігерлер – кардиолог, интернист, анестезиолог шұғыл кеңес өткізді.
Жасалған ота түрі - сол жақ жамбас буынының Strayker протезімен тотальды цементсіз артропластикасы. Операция жоғары деңгейде өтті, 7 аурухананың дәрігерлері 100 жастағы әжені аяғына тік тұрғызды
Травматолог-дәрігер Бауыржан Өтешевтің айтуынша, операция сәтті өтті. Науқас ота жасағаннан кейін екінші күні реанимациядан политравма бөлімшесіне ауыстырылды.
Дәрігерлер 100 жастағы науқаста сүйек тіндері жасына сәйкес келмейтінін атап өтті, оның минералды тығыздығы жоғары, бұл 50 әрі кетсе 60 жастағы адамдарға тән.
Науқастың қызының сөзіне қарағанда, бұл ең алдымен өмір салты, таңертеңгі гимнастикамен, содан кейін гигиеналық процедуралардан басталатын анасының күнделікті дұрыс режимімен байланысты. Тамақтану да әсер етеді: ол тек үй тағамдарын кішкене бөліктерде, қатаң белгіленген уақытта қабылдайды, қуырылған тағамдарды тұтынбайды, сүт өнімдеріне артықшылық беріледі.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, өзін жақсы сезінеді, үйіне шығуға дайындалып жатыр.
«Төсекке таңылмағаным үшін бірінші Аллаға, одан кейін дәрігерлерге мың алғыс. Анестезияны жеңіл көтердім. Шамасы, заманауи препараттар жақсы және дәрігерлердің көзқарасы өте зор болды. Оларға өте ризамын. Қазір операциядан кейін мен өзімді жақсы сезінемін», - деді әже.