Алматылық клиникаларға 30 млрд теңгеден астам қаржы төленді

12.04.2019 15:18

Бүгінгі таңда оңтүстік астана бойынша 184 медицина ұйымы мемлекеттік тапсырыс алған

Жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс негізінде халыққа тегін қызмет көрсеткен алматылық медицина ұйымдарына 31,4 млрд теңге төленді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Филиал басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда оңтүстік астана бойынша 184 медицина ұйымы мемлекеттік тапсырыс алған. Бюджет қаржысы есебінен халыққа тегін көмек көрсеткен емдеу мекемелерінің жүзден астамы – жеке меншік. Кепілдендірілген тегін медициналық көмекті клиникалар 2019 жылы халыққа 105 млрд теңгеден астам қаржының қызметін көрсетеді.

«Жеке меншік сала Қормен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін дәлелдеді. Біз қашанда бәсекелестікті күшейтуге, сапаны арттыруға күш салатын боламыз. Бәсеке медициналық көмектің қолжетімділігін арттырары сөзсіз», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Естеріңізге сала кетсек, Медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің қаржылық операторы міндетін атқарады. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап медициналық ұйымдардан МӘМС пакеті шңберінде көрсетілетін қызметтерді сатып алумен айналыспақ.