Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарға медициналық қызметтің уақтылы, толық және сапалы көрсетілуін бақылайтын мониторингтік топ атқарылған жұмысты қорытындылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгін Петропавлда денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын, уақтылы және толық атқарылуына мониторинг жүргізетін топтың жұмысы туралы брифингте СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жетекшісінің бірінші орынбасары, мониторингтік топ жетекшісі Нұрлан Жахин айтып берді.
СҚО-да прокуратураның бастамасымен барлық мүдделі ведомство мен ұйымдардың басын біріктірген Ахуал орталығы құрылған. Ол коронавирусқа қарсы жүргізіліп жатқан іс-шараларды күнделікті бақылауда ұстап отыр. Бес топ құрылған, олар – жедел әрекет ету, медициналық препараттар бағасын негізсіз өсіру деректерін және тұрғындарға медициналық қызметтің уақытылы, толық, сапалы көрсетілуін бақылау, карантиндік іс-шаралардың орындалуын және мемлекеттік материалдық резервтің қамтылуын қадағалау топтары.
«Біз күнделікті қоғамдық пікірді, жедел ақпаратты зерделейміз. Провизорлық және инфекциялық стационарларда ем алып жатқан науқастардың қауіпсіздігін қадағалаймыз. Біз үшін халықтың тиісті ем-дом алып, зертханалық зерттеулерден дер кезінде өткені маңызды. Лидер.kz қозғалысының волонтерлерімен облыстағы барлық стационарларды аралап шықтық. Өкпені жасанды желдету аппараттарының, оттегі концентраторларының, медпрепараттардың барлығына мониторинг жүргіздік. Қанша қажет екенін анықтап, ол жайында хабарладық», – дейді Нұрлан Жахин.
Қазіргі таңда СҚО-да емханаларда 98 мобильді топ жұмыс істейді, олардың саны 5 есе артып отыр. Қосымша 40 көлік бөлінген. Барлығы 1 186 медициналық қызметкер тартылған.
«Биыл өңірге медициналық жоғары оқу орындарының 120 түлегі келеді. Олардың 12-сі облыста жұмысқа орналасты. Жергілікті бюджет есебінен былтырдан бері 76 адам резидентурада оқып жатыр, биыл олардың қатарына тағы 26 адам қосылмақ», – дейді мониторингтік топ жетекшісі.
Облыста өкпені жасанды желдету аппаратының 100 данасы болса, соның 59-ы сырқаттардың еміне қолданылуда. Жақында өңірге тағы 162-сі әкелінбек. Оттегі концентраторларының саны 18-ден 113-ке дейін жетті. Жергілікті бюджет есебінен 300 млн теңгеге 5 оттегі стансасы салынады.
«Ахуал орталығына жедел жәрдем қызметінің жұмысына қатысты шағымдар түскен жоқ. Бүгінде шақыртулар саны 45% азайған. Облыста дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жоқ. Стационарларда екі апталық қор бар. Дәріханаларда дүрмек басылған, бағаларды бақылауда ұстап отырмыз. Солтүстікқазақстандықтарға ахуал орталығына «109» нөмірі арқылы немесе 8 707 564 14 24 телефон нөмірі арқылы Қоғамдық бақылау картасына хабарласуға болатынын еске саламын. Барлық арыз-шағымдарыңыз тексеріліп, назарсыз қалмайды», – дейді Нұрлан Жахин.