Адам өмірінің арашасы: Емделіп, аман қалған науқастар дәрігерлерге ерекше алғыс білдірді

Адам өмірінің арашасы: Емделіп, аман қалған науқастар дәрігерлерге ерекше алғыс білдірді
1 наурыз - елімізде Алғыс айту күні
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін елімізде Алғыс айту күні атап өтіледі. Алғыс айту күні - бейбітшілік пен достыққа, тыныштық пен ынтымаққа үндейтін мереке. Бұл күні емделіп, аман қалған науқастар дәрігерлерге ерекше алғыс білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанда 2016 жылдан бастап Алғыс айту күні атап өтіледі. Оның құндылықтары өзара көмек көрсету мен халқымыздың бірлігінің берік дәстүрлерін бейнелеу.

«Бұл күні біз көптеген адамды емдеп, олардың өмірін сақтап қалған Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ дәрігерлері мен мейіргерлеріне ризашылығымызды және алғысымызды білдіреміз», - дейді клиникада емделіп жатқан пациенттер.

«Медицина қызметкерлері ең ізгі тілектер мен шынайы алғыс сөздерге лайық жандар. Олар адам жанын құтқарып, оларға үміт сыйлайды», - дейді №2 терапия бөлімшесінің пациенті Жанар Ахметова.

Жанар Атыханқызы жүйелі қызыл жегі және басқа да ілеспелі аурулар (асқазан-ішек жолдарының патологиясы, терінің, АІЖ шырышты қабығының зақымдануы, лейкопения, жүрек ауруы) диагнозымен соңғы 2 жыл ішінде институтта стационарлық ем қабылдап жұр.

«67 жасымда дәрігерлердің арқасында аман жүрдім, 2-топ мүгедегімін, дегенмен қазіргі кезде мектепте жұмыс істеп жатырмын.  Өзім тұратын Меркі ауылында маған диагноз қоя алмады, ал Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ дәрігерлері: бөлімше меңгерушісі Лейла Пашаевна Мамедова, Маржан Төлендіқызы Абдуллаева, Ольга Васильевна Машкунова мені өмірге қайта алып келді. Науқасқа дұрыс диагноз қою – бұл адам жанын құтқару! Бөлімшеде науқастар үшін жақсы жағдай жасалған, ұжым ұйымшылдығымен ерекшеленеді», - деп атап өтті.

«Мен бізге толыққанды ем қабылдауымыз үшін барлық жағдай жасап отырған  ҒЗИ әкімшілігіне және орта медицина қызметкерлеріне: аға мейіргер Марал Мақсетқызына, палата мейіргерлеріне, жалпы барлық қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіргім келеді», - деп Жанар Атыханқызы өз ойын жалғастырды.

3 дәрежелі аорта қақпақшасының жеткіліксіздігі, 3 дәрежелі артериялық гипертония диагнозымен клиникаға түскен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, 76 жастағы Дандай Ыскакұлына жүрекке ашық операция сәтті жасалды.

«Медицинада ең маңыздысы – кәсібилік, құзыреттілік, жауапкершілік және адамдарға көмектесуге деген ниеттің болуы! Міне, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургтері мен кардиологтары осындай қасиеттердің бәріне ие», - дейді пациент. 

Ол дәрігерлер туралы мақала жазғысы келетіні туралы жоспарларымен бөлісті, осылайша өзінің өмір мен өлімнің арасында болғандығы, операция жасалып, одан кейін екінші күні тұрып, жүре бастағаны туралы айтып алғыс білдірді. Бұған дейін басқа ауруханада операциядан кейін 18 күн жансақтау бөлімшесінде болған екен. Дәрігерлер: кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Мұхтарұлы Төлеутаев, Жанар Нұрбай, Гузель Пархатовна Исхакбаева әрқашан жанында болған. Олардың әрқайсысы оны жылы сөзімен де емдей білген. Ал жақсы сөз - жарым ырыс дейді Дандай аға.

58 жастағы Ким Эльнора Николаевна Түркістан облысының Жетісай қаласынан келген. Ол кісі бірінші рет Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ жүрек жеткіліксіздігінің белгілерімен түскен, ол кісіге диагноз қойылып, операция жасауға кеңес берілген. Аортокоронарлық шунттау және митралдық қақпақшасын протездеуден кейінгі жүректің ишемиялық ауруымен ҒЗИ жыл сайын стационарлық ем қабылдайды. Жүрек жеткіліксіздігін, шығарылудың төмен фракциясын ескере отырып, бөлімше меңгерушісі Гүлнар Ермаханқызы Оспанова дұрыс ем тағайындап, соның арқасында, қазір Эльнора Николаевнада дене қимылының жүктемесіне төзімділігі артып, жалпы жағдайы жақсарған, ауыру сезімі мен демігу белгілері жойылған.

«Гүлнар Ермаханқызы өз міндетіне өте мұқияттылықпен қарайтын дәрігер, бұл кісі өз ісінің нағыз шебері, бөлімшенің барлық медицина қызметкерлері де бізге өте жақсы қарайды, сондықтан да мен міне, 3 рет келіп отырмын. Клиника дәрігерлері маған дер кезінде дұрыс диагноз қойып, маған өмір сыйлады деп есептеймін. Адамдарға толыққанды өмір сүруге көмектескені үшін, олардың еңбекқорлығы мен шыдамдылығы, адамдардың игілігі үшін еңбек етіп жүргендері үшін рақмет айтамын. Олар үшін жақындарының қолдауы, ризашылық білдірген пациенттердің жылы сөздері ең үлкен марапат болсын!» - дейді жетісайлық пациент.


Новости партнеров