Қазіргі уақытта Медеу ауданында 5 денсаулық сақтау объектісі бойынша жұмыс жүріп жатыр
Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы халқымен кездесуінде аудандағы медицина инфраструктурасының дамуы жайлы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта 5 денсаулық сақтау объектісі бойынша жұмыс жүріп жатыр:
1. Кеңсай шағынауданында осы жылдың соңына дейін жобалық қуаты күніне 120 келушіге арналған жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі;
2. Көлсай және Сұлусай шағын аудандарында халыққа медициналық көмектің «қадамдық қолжетімділігін» қамтамасыз ету үшін жылдың соңына дейін демеушілік қаражат есебінен фельдшерлік-амбулаториялық пункттер ашу жоспарланған;
3. Алатау шағынауданындағы мемлекеттік аурухананың аумағында модульдік компьютерлік томография орталығы салынып жатыр. Объект осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұдан басқа, аурухана ғимаратын қайта жаңартуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр (жобалау-сметалық құжаттаманы аяқтау – 2023 жылғы III-тоқсан);
4. №4 және №10 жедел жәрдем подстанцияларының жаңа ғимараттарын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлену үстінде. Жобалау-сметалық құжаттама 2023 жылдың 4-тоқсанында аяқталады;
5. Думан шағынауданында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа заманауи емхананы салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, аяқталу мерзімі –2023 жылдың 4-тоқсаны;
6. 2023-2024 жылдары қала әкімдігі «Шығыс қақпасы» полиорталығының аумағында 2 ауқымды жобаны іске асыру жоспарланған. Бұлар - онкологиялық орталығы бар 250 төсектік көпбейінді ауруханамен Бұқтырма көшесі бойында СПИД орталығы бар 250 төсектік паллиативтік көмек орталығының құрылысы.