Алматылық дәрігерлер жүру мүмкіндігі шектелген науқасты аяққа тұрғызды

31.01.2024 15:36

Сәтті емдеу шараларынан кейін емделуші дәрігердің кеңесімен, ары қарай емдеуді өз емханасында жалғастыруы үшін ауруханадан шығарылды

УОЗ

Алматылық дәрігерлер мүмкін емес нәрсені жасады: олар жүру мүмкіндігі шектелген науқасты аяққа тұрғызды, деп хабарлайды Almaty.tv.

62 жастағы науқас Орталық қалалық клиникалық ауруханаға  шұғыл түрде жеткізілді, диагнозы - инсульттан кейін ми бағаналарындағы қан айналымының бұзылысы.

Бұл жағдай өте қауіпті және шұғыл медициналық араласуды қажет етеді. Дәрігерлер жедел түрде жоғары технологиялық тексерулер өткізіп, ем-шара түрін тағайындады.

ОҚКА инсультологы Азиз Исмаиловтың түсіндіруі бойынша, ми бағаналарындағы қан айналымының бұзылысы әсерінен толықтай инсульт немесе бас миының инфарктісі пайда болу қауіпі бар, ал ол  өз кезегінде, күрделі зардаптарға, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін.

«Науқас денесінің оң жақ бөлігі мүлдем жұмыс істемеді, аяқ-қолын қозғалта алмады. Оның үстіне артериялық қан қысымы өте жоғары - 240/100  болды. Дегенмен дәл уақытында емдеуді бастағанның арқасында науқас тез оңала бастады. Біз ерте оңалту шараларын бастадық, бұл инсульт салдарының ауырлығын азайтуға және 80% ықтималдықпен қайталанудың алдын алуға көмектесті. Емдеу антиагрегантты, антикоагулянтты, гипертензияға қарсы терапиядан, қарқынды ерте оңалту шараларынан, науқасты белсендіруді және тамырлық құбылыстардың қайталануының алдын алудан тұрды», - деді А. Исмаилов.

Нәтижесінде емделушінің барлық бұлшықетін  қалпына келтіріп, қимыл-қозғалысты үйлестіріп, бет ассиметриясын қалыпқа келтіре алды.

Сәтті емдеу шараларынан кейін емделуші дәрігердің кеңесімен, ары қарай емдеуді өз емханасында жалғастыруы үшін ауруханадан шығарылды. Бұл уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету адам өмірін толықтай өзгертіп, оны толыққанды өмір сүру салтына қайтару мүмкін екенін тағы бр дәлелдей түсті.

Алматылық дәрігерлер науқас өмірін құтқарып, оны қалыпты өмірге қайтару арқылы өзінің  жоғары біліктілігі мен іскерлік қабілетін көрсетті.