Ақ күмістің адам ағзасына пайдасы қандай

24.01.2024 15:49

Металдың өте күшті табиғи антисептикалық қасиеті бар

elements.envato.com

Қазақ халқы ежелден күміске ерекше мән берген. Күмістің адам ағзасына пайдасы бар деп сенген жұрт күміс ыдыстан тамақ ішіп, күміс әшекейлер тағып, сәби дүниеге келгенде нәрестені күміс теңге салып суда шомылдырған. «Баланың күні күмістей жарық болсын» деген жоралғы жасаған. Металдың өзінің әдемілігімен қатар, таңғажайып емдік қасиеті де жоқ емес, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Аqtobegazeti.kz-ке сілтеме жасап.

Металл адам ғұмырын ұзарта ма

Әлі күнге дейін кей өңірлерде сәбидің бірінші тісінің шығуына байланысты күміс қасық сыйлау дәстүрінің сақталғаны да кездейсоқ жайт емес. Ерте заманнан бері күмістің түрлі жамандықтан сақтайтын қасиеті бар деген де сенім бар. Күмістің бұл қасиетін молдалар суды тазарту үшін де қолданған.

Халқымыз қадір тұтатын күміс — жұмсақ, қақтауға төзімді, оңай өңделетін металл және жарқыраған ашық түсімен көз тартады. Оның осы қасиетін зергерлер барынша шебер пайдаланған.

Шеберлер әшекей бұйымдарды көбіне алтын мен күмістен жасаған. Қазақтар күмістің адамға игі әсер ететін айрықша қасиетін ерте кезден-ақ білген. Сондай-ақ, асыл тастардың қасиетіне сенушілік қазақ халқының тұрмыс -дәстүрінде әлі де болса сақталып келеді. Інжу көз қарашығын шел басудан, көз сүйелінен, ноғаладан, ал маржан дуаның әсерінен немесе азғындаушылыққа ұрынудан сақтайды. Сарғылт дүр (янтарь) тамақ ұрасы мен жемсау ісігін басады, әрі дұрыс жолға бастайды.

Күміс — дәулет

Бұрын бай отбасыларындағы асхана күмістері сол үйдің  дәулеттілігін  байқататын  болған. Ақ дастарқанды хрусталь бокалдардың кереметі мен күмістің көз қызықтырар жылтырындай еш нәрсе әрлей алмайды. Ең алғашқы күміс ыдыстар жинағы: табақшалар, шай қасықтар, пышақтар, шай ішу құралдары 1711 жылы І Петрдің жарлығымен арнайы Қару-жарақ палатасына жасатылған. ХVІІІ ғасыр ортасында ірі көпестердің, ауқатты адамдардың үйлерінде күміс ыдыстардың мыңға жуық түрлері болған. Самаурын, шай құралдарының түрлері де күмістен жасала бастайды.

ХІХ ғасырда күміс ыдыстар сыйға тартылатын қымбат сыйлық түріне айналыпты. Ал күмістен жасалған темекі сауыттар, көзәйнек түрлері, адамдардың әлеуметтік жағдайын байқататын болған. Мәселен, кіші жүздің ханы Жәңгір қайтыс болғаннан кейін Орынбор генерал-губернаторы арнайы адамдар жіберіп хан үйінің тұтынған заттарының тізбесін жасаған. Олардың көбінің құнды, күміс заттар болғаны бүгінде мұрағаттық деректерден белгілі. Алайда ол заттардың қайда кеткені белгісіз.

Классикалық асхана құралдары ұзақ мерзімде қолданылады, олардың көбі бірнеше ұрпаққа қызмет еткен. Күмісті бағалап, жинап, ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалдырып отырған.

Асханалық күміс желісі отбасылық және рулық құндылықтардың өзіндік философиясы саналған. Олар әлі күнге дейін үй иесінің талғампаздығы мен әлеуметтік жағдайын көрсетеді.

Күміс — ем

Күмістің адам ағзасына емдік қасиеті ерекше екенін медицина да дәлелдеп отыр. Емшілер өте ерте заманда-ақ күмістің қасиетін ерекше бағалаған. Мысалы Үндістанда оны адам иммунитетін көтеруге қолданса, Мысырда жараға  жабыстырған. Ал, Ресейде шіркеулердегі күміс қосылған суды киелі деп санаған. Адамдар мұндай судың өмірлік қуат беретін ерекше сиқыры барлығына сенген. Ғалымдар болса, күмістің бұл қасиеттеріне  ХІХ ғасырдың аяғында ғана мән беріп зерттей бастапты. 

Сонымен, күміс адам ағзасына неліктен жақсы  әсер береді? 

Мәселе бұл металдың өте күшті табиғи антисептикалық қасиетінде болып тұр. Күміс сумен әрекеттескенде иондалып, оның құрамында ұзақ сақталады. Сондықтан күміс қосылған су ағзадағы көптеген зиянды микроағзаларды жояды. Бұрын ауруға қарсы  дәрілер (антибиотиктер)  ндірілгенге дейін күмісті ем ретінде жиі пайдаланып келген. Кейін дәрілер пайда болысымен ол ұмытыла бастапты. Бірақ антибиотиктерді көп ішкен адам ағзасы сол дәріге үйреніп, аурудың беті қайтпай қоятын кездері де болады. Ал күміспен емделгенде ондай жағдай кездеспейді екен. Ол өзінің белсенділігін жоймайды.

Күміс залалсыздандырады

Күмісті тек медицинада ғана емес, косметологияда, тіпті, саяжайларда бағбандар тыңайтқыш ретінде пайдаланса, аспаздар күміс қосылған сумен тағам әзірлеген. Сондай-ақ оның залалсыздандыратын қасиеті де бар. Мысалы, күміс қосылған сумен балалар ойыншықтарын, бөлмелерді тазалап қоюға болады.

Жұқпалы аурулардың алдын алуда күмістің пайдасы зор

— Кіршіксіз таза күміс су – бүгінде ең керемет дәрі, – дейді Пенсильван университетінің профессоры, АҚШ-тың Халықаралық ғылым академиясының мүшесі Рустум Рой. 

Оның шипалылығы сондай, Ауғанстандағы, Ирактағы Америка әскері осы суды ғана пайдаланады.                                                                  

Күміс қуат береді

Адам ағзасының тұмау және жұқпалы ауруларға төтеп бере алмауының себебі иммундық жүйедегі күмістің азаюынан болады. Күміс тек ауру тудыратын элементтерді жойып қоймай, ағзадан зиянды токсиндер мен микробтарды қуып шығады. Тіпті, ағзада аз ғана күміс жетіспеушілігі байқалған жағдайда адамның жұмыс істеу қабілеті төмендеп, қорғаныш қасиеті азайып, тез шаршау пайда болады. Аталған микроэлементке қаныққан ағза сирек ауырады, тәбеті де жақсы болады. Тарихшылар  ертедегі вавилондықтар мен гректер күмістің залалсыздандратын қасиетін ескеріп, патшалары пайдаланатын ауыз суды күміс ыдыстарда сақтағанын анықтаған. Мұны археологтардың қазбаларынан да кездестіруге болады. Біздің заманымызға дейінгі 4000 мың жыл бұрынғы патшалардың қабірлерінен  де күміс ыдыстар табылған. Әйгілі Геродоттың жазбаларында да  Парсы патшасының суды күміс  ыдыстарда сақтағаны көрсетілген.

Күміс суының сиқырын сонау Зұлқарнайын кезіндегі жауынгерлер  де білген. Олар су ішетін торсықтарына күміс теңгелер салып жүреді екен. Ежелгі Ресейде де құдыққа қой басындай күміс  тастайтын болыпты. Бұл елдің жұқпалы аурулардан аман қалуына көмектескен

Рак ауруын емдейді

Шетелдік дәрігер Роберт Бекер күміс иондарының адам ағзасындағы жасушалардың көбеюіне әсер ете алатындығын дәлелдеген. Ол өзінің ғылыми кітабында күміс иондарының рак ауруына шалдыққан адамдардың  жасушаларын қайта тірілтіп, көбеюіне көмегі барлығын жазған. 

 Менің қарамағымда созылмалы сүйек инфекциясына шалдығып, жарасында рак ісігі пайда болған науқас  емделді. Ол  сүйекті кесіп тастаудан бас тартты және менен күміс иондарымен емдеуді өтінді. Мен оның жарасын күміс қолдану тәсілімен емдедім.  Үш айдан соң аурудың беті бері қарады. Рак жасушалары қалыпқа түсті. Кейін сол адамды сегіз жылдан соң кездестіргенімде ол өзін өте жақсы сезінетінін айтты, - деп жазыпты.

Оқи отырыңыз: Қызанақ шырынын қашан ішкен дұрыс