Шымкенттік жігіттің ағзасы төрт пациентке трансплантталды

elements.envato.com
elements.envato.com
Оның туыстары ағзасын алуға келісім берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте жол апатынан ажал құшқан жігіт бірнеше адамның өмірін сақтап қалуға сеп болды. Қайғылы жағдайда көз жұмған оның өзге сау ағзаларын дәрігерлер бірнеше азаматқа үлестірген. Мұндай шешімді марқұмның ата-анасы қабылдаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Донор болған марқұм – Шымкент қаласының тұрғыны. Жол-көлік апатынан ажал құшқан 18 жастағы жігітке «ми өлімі» диагнозы қойылған. Дәрігерлер азаматтың ата-анасымен сөйлесіп, ағзасын қолдануға келісім алған. Шешімді қабылдау ол кісілерге де оңайға түспеген. Бірақ бір баланың бірнеше мүшесі талайдың өмірін сақтап қалатынын ойлағанда, ата-ана игі іске түрткі болатынына қуанған.

– «Ми өлімі» диагнозы қойылған. Туыстарымен әңгімелестік. Донор болған баланың туыстарына ақша берілмейді. Науқастарға да операция тегін жасалады. Дәрі-дәрмегі де тегін беріледі, – деп хабарлайды Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.

Айта кетейік, ағза ауыстыру операциясы Түркістан облысында тұңғыш рет жасалып отыр. Отада марқұмның жүрегі, қос бүйрегі мен бауыры өзге жандарға трансплантталды. Жүрек 58 жастағы шымкенттік ер адамға сол түні-ақ қондырылды. Бауыры мен бүйректері Астана, Алматы және Түркістан қаласындағы ағза күткен азаматтарға жөнелтілмек. Бірақ жасыратыны жоқ, мұндай бастамаға қала тұрғындары күдікпен қарайды.

–  Egov.kz-те сенен сұрамай донорлыққа жазып қояды.  Донор болады дегенге сенбеймін, – деді қала тұрғыны.

– Мен өзім қарсы емеспін. Себебі қайтыс болған адамның ағзасы екінші бір адамға өмір сыйлайды. Бірақ шариғат бойынша, әр адам жаратылған күйде жерленуі қажет, – деді қала тұрғыны.

– Өзгеге ағза беруді қолдамаймын, – деді қала тұрғыны.

Шымкент бойынша науқастар бүйрек пен бауырға мұқтаж. Жүрек донорына кезекте тұрғандар да аз емес. Олардың қатарында 16 адам бар.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында полицей адамдарды көлікпен қағып кетті

Новости партнеров