Сондай-ақ тегін дәрі-дәрмекті кімдер ала алатыны айтылды
2022 жылдың 7 айында алматылықтар амбулатория деңгейінде 13,3 млрд теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілген. Бұл туралы бүгін брифингте Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ӨКҚ-ға сілтеме жасап.
Айтуынша, сақтандыру енгізілгелі бері Алматы тұрғындары медициналық қызметтерді белсенді пайдаланып келеді. Соның ішінде медициналық қызмет көлемі ғана емес, сырқат түрлеріне қарай берілетін дәрі-дәрмек саны да бірнеше есе артқан.
Бүгінде тұрғындар белгілі бір сырқаттар бойынша тегін медициналық көмек және сақтандыру пакеттері шеңберінде тегін дәрі-дәрмек ала алады. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар, созылмалы және жедел аурулар, коронавирус инфекциясына шалдыққандарға берілетін дәрілер де бар.
«Өткен 7 айда Алматы қаласы бойынша тегін медициналық көмек пакеті бойынша 149 мыңнан астам пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. МӘМС пакеті бойынша 195 мыңнан астам ересек, 19 мыңға жуық бала тегін дәрі-дәрмек алды», - деді филиал басшысы.
Тегін дәрі-дәрмек кімдерге беріледі?
Тегін медициналық көмек пакетінде:
Диспансерлік есепте тұрған Қазақстан азаматтары, ықтиярхаты бар шетел азаматтары 50 түрлі дерт бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі.
МӘМС пакетінде:
Белгілі бір сырқатына байланысты диспансерлік есепте тұрған, сақтандырылған азаматтар қамтамасыз етіледі. Сақтандыру пакеті арқылы ересектерге 50 нозология, балаларға 73 нозология бойынша дәрі тегін беріледі.
Дәрі-дәрмек 18 жасқа толмаған балаларға дәрігер тарапынан диагнозы нақтыланғаннан кейін беріледі.
Тегін дәрі алу үшін не істеу қажет?
•Алдымен емханаға тіркелу керек
•Диспансерлік бақылауға алынатын сырқаты болса тиісті есепке тұру қажет
•Учаскелік дәрігер/терапевт немесе емдеп жатқан салалық маманнан дәрі-дәрмекке рецепт алады.
Тегін медициналық көмек және МӘМС пакеті арқылы берілетін дәрілік заттардың нақты тізімімен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://adilet.zan.kz/rus/docs/V2100023885#z47