Осы уақытта түрлі мамандықтағы 20 мыңнан астам дәрігер біліктілігін арттырды және қайта даярлықтан өтті
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ құрылғаннан, яғни 1977 жылдан бері денсаулық сақтау саласының ғылыми және практикалық кадрларын даярлап келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы уақытта түрлі мамандықтағы 20 мыңнан астам дәрігер біліктілігін арттырды және қайта даярлықтан өтті. Институттың Білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз қазақстандық агенттігінің (IQAA) халықаралық институционалдық аккредиттеуі және кардиология, гастроэнтерология, эндокринология, иммунология, анестезиология және реанимация, пульмонология, ревматология сияқты мамандықтар бойынша резидентураның базалық білім беру бағдарламасының мамандандырылған аккредиттеуі бар.
М.ғ.д., профессор Сауле Қасенова басқаратын Жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру департаменті оқу барысындағы ғылым, клиника және білім беру үштұғырлылығы халықаралық қағидаларын орындай отырып, резиденттерді даярлау және дәрігерлерді қайта даярлаумен айналысады. Кафедраларды белгілі ғалымдар мен клиницистер: Қазақстанның штаттан тыс бас аллергологы, проф. Таир Нұрпейісов, штаттан тыс бас гастроэнтерологы, проф. Александр Нерсесов, доценттер – кардиолог Айсұлу Мұсағалиева және эндокринолог Лаура Даньярова басқарады. Департаменттің профессорлық-оқытушылар құрамында тек қана медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, ассоциацияланған профессорлар ғана емес, сондай-ақ жоғары санатты дәрігерлер, өз ісінің нағыз кәсіпқой мамандары бар. Резиденттер мен дәрігерлердің практикалық дағдыларын меңгеру үшін КІАҒЗИ 3 симуляция орталығы (жүрек-өкпе реанимациясы, интервенциялық кардиология және аритмология, гибридті зертхана) қызмет жасайды.
Департаменттің басым міндеттерінің бірі – резидентура бітірушілерін практикалық денсаулық сақтау саласына жұмысқа орналастыру. Осы бағытта кадрларға мұқтаж өңірлік мемлекеттік медициналық ұйымдармен жұмыс жүргізілуде. Департамент қызметкерлері медициналық ұйымдардың оларға баратын мамандар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет (тұрғын үй мәселесін шешу, олардың балаларын балабақшамен қамтамасыз ету және т.б.) ұсыну бойынша тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Денсаулық сақтау министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, халықты жұмыспен қамту қызметінің қолдауымен 2019 және 2020 жылдары институт бейінді мамандарға мұқтаж өңірлерде резиденттердің 100%-ның жұмысқа орналасуына қол жеткізді.
Резидентура бітірушілерінің қорытынды мемлекеттік аттестаттаудан өту нәтижелері олардың білім деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді.
«Дәрігерге адам үшін ең бағалы – өмірі мен денсаулығын сеніп отырғандықтан, адамның жаман дәрігер болуға құқығы жоқ» қағидасын берік ұстанамыз. Осыған байланысты, резиденттер мен дәрігерлердің Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ алған білімі бүгінгі күнгі талаптарға сәйкес келетіндігі және олардың таңдаған мамандықтары бойынша табысты еңбек етулеріне мүмкіндік беретіндігін сеніммен айта аламын», – дейді Жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру департаментінің басшысы Сауле Қасенова.