Дәрігерлер Нұр-Сұлтандағы автобус апатынан зардап шеккен әйелдің аяғын кесуге мәжбүр болды

Фото: astana.gov.kz
Фото: astana.gov.kz
Аурухананың бас дәрігері Иван Лидің айтуына қарағанда, қазір станционарда 13 адам ем қабылдауда.
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада автобустар соқтығысуынан зардап шеккен азаматшаның дәрігерлер оң аяғын кесіп тастауға мәжбүр болды. Екі адамның өмірін жалмаған оқыс оқиғадан кейін 13 адам әлі ауруханада ем алып жатыр. Үшеуінің жағдайы ауыр. Бірақ ақ халаттылар олардың өміріне еш қауіп жоқ деп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жантүршігерлік жол-көлік оқиғасынан кейін Нұр-Сұлтан қаласының көпбейінді №2 ауруханасына 29 адам жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Олардың 14-і кеше үйге жіберіліпті. 13 адам әлі де ем-дом алуда. Бір азаматшаны мамандар алған зақымына қарай Ұлттық нейрохирургиялық орталыққа ауыстырған. Жалпы, осы оқиғадан кейін шұғыл түрде бес ота жасалған. Кеше 1983 жылғы филиппиндік азаматшаның да зардап шеккенін айтқан едік. Ол елімізге отандық жеке фирманың шақыртуымен келген екен. Дәрігерлер оның жағдайын бақылап, пышаққа түсетін-түспейтінін арнайы тексерістерден кейін анықтамақ.

«Филиппин Республикасы азаматшасының көкірек қуысы зақымданған. Бүгін тораскопиялық тексерістер отаның нақты керек немесе керек еместігін анықтайды. Біз жағдайды бақылап отырмыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы №2 көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері Иван ЛИ.

Бас дәрігер үш адамның жағдайы ауыр, бірақ өмірлеріне еш қауіп жоқ дейді. Солардың бірі – жүйткіп келіп соққан автобус ішінде жаншылып қалған қыз. Соңғы болып шығарылған азаматшаның оң аяғын дәрігерлер кесуге мәжбүр болған. Ал шытынап кеткен сол жақ аяғын дәрігерлер сақтап қала аламыз дейді. Үш зардап шегуші әлі біраз уақыт емделетін көрінеді. Апат кезінде жедел жәрдем мен автобуста келе жатқан фельдшерлер де зақым алған.  

«Бұл оқиғада біздің мамандар да жапа шекті. Шақыртуға бара жатқан жедел жәрдем көлігіне де автобус соққанын білесіздер. Сондай-ақ автобус ішінде жұмыстан қайтып келе жатқан фельдшер болған. Олар өз жағдайларына қарамастан, сол жерде халі ауыр адамдарға көмектескен. Бірден басқа бригада шақыртқан. Осының арқасында өзгелердің өмірлеріне араша бола білді», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы медициналық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Тимур МҰРАТОВ.

Естеріңізге салсақ, кеше Нұр-Сұлтан қаласының Қабанбай батыр мен Ұлы дала қиылысында Қосшы ауылынан келе жатқан №303 қоғамдық көлігі бағдаршамда тұрған автобустар мен көліктерді қатты жылдамдықпен келіп соққан еді. Салдарынан апатқа себепші автобустың жүргізушісі Абай Оспанов пен жалғызбасты ана, 26 жастағы жолаушы Айзат Нүрекенов көз жұмған болатын. Әзірге сұмдық жайтқа не себеп болғаны анықталған жоқ. Құзырлы органдар қылмыстық іс пен тергеп-тексеру амалдарын бастаған. Ал автопарк басшылары 53 жастағы төрт баланың әкесі Абай Оспановтың денсаулығының жақсы болғанын және автобустың барлық тексерістен өткенін алға тартып отыр.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров