3 ақпан қатерлі ісікке қарсы күн аясында Алматы онкологиялық орталығы мен қаланың 9 емханасының онкологтары ашық есік күнін өткізді. 500-ге жуық қала тұрғыны онколог кеңесін алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Науқан аясында қатерлі ісікке күдікті 52 жағдай анықталды.
«Науқастар қосымша тексеруге жіберілді. Сондай-ақ 400-ден астам ауру қабынуы анықталып, емдеу бойынша ұсыныс берілді», - деді бұл туралы ӨКҚ-де өткен брифингте Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Жанна Кужаева.
Жалпы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласында 31 866 онкологиялық науқас тіркелген.
Қатерлі ісіктің сырқаттанушылық құрылымы өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды:
- бірінші орында – сүт безі обыры 14,5% (794 жағдай);
- екінші орында – тоқ ішек обыры 8,9% (489 жағдай),
- үшінші орында – өкпе обыры 6,0% (332 жағдай),
- төртінші орында - қуық асты безінің қатерлі ісігі 5,2% (288 жағдай).
Дәрігерлер алматылықтарды қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде анықтау үшін тұрақты түрде скринингтік тексеруден өтуге шақырады.
Мамандар дер кезінде тексерілу сәтті емдел және толық жазылу мүмкіндігін арттыруда шешуші рөл атқаратынын баса айтады. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматы онкологиялық орталығының дәрігерлері айтты.
ӨКҚ брифингінде сөйлеген сөзінде Орталықтың онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Райхан Болатбекова жергілікті емханаларда скринингтік бағдарламалар тегін жүргізілетінін атап өтті.
Дәрігер тұрғындарды скринингтік тексеруден өтуге, сонымен қатар қатерлі ісік қана емес, басқа да ауруларды тудыратын қауіп факторларын азайту үшін бірнеше ережені сақтауға шақырды.
«Еуропалық ірі зерттеулерге сәйкес, қатерлі ісік ауруының даму қаупі факторларын азайту арқылы ғана онкологиялық ауруларды азайта аламыз. Бұл, ең алдымен, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, спортпен айналысу және т.б. Халқымыздың денсаулығының маңызды және ажырамас бөлігі - дұрыс тамақтану. Сондықтан денсаулықты күту маңызды», - дейді маман.
Онколог темекі шегудің де қатерлі ісіктің дамуының жеке және ең маңызды қауіп факторы екенін атап өтеді. Темекі шегу тек өкпе ісігін ғана емес, басқа да қатерлі ісіктің дамуын тудыруы мүмкін.
Маман скринингтен емханада белгілі бір жас кезеңінде өту керек екенін еске салады. Атап айтқанда:
- 30-70 жастағы әйелдер жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін 4 жылда бір рет;
- 40-70 жастағы әйелдер сүт безі обырын ерте анықтау үшін 2 жылда бір рет;
- 50-70 жаста жасырын қан анализі, колоноскопия көмегімен тоқ ішектің және тік ішектің қатерлі ісігін және алдын ала ісіктерін ерте анықтау үшін 2 жылда 1 рет.