Алматыда парацетамол және өзге де дәрілер сатылымы шектеледі

kuspehu.ru
kuspehu.ru
Мұндай шешім әкімдікпен және Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен келісілген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы дәріханаларында қалада орын алған дүрлігуге байланысты бір адамға 2-3 орама парацетамол ғана сатылатын болады. Бұл туралы қала әкімдігінің дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біз әлеуметтік желіде үлкен дүрбелең жүріп жатқанын көріп отырмыз. Адамдар өзін-өзі емдеумен айналысып кеткен. Тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмектің белгілі бір түрлеріне сұраныс өте жоғары болып тұр. Айталық, адамға не бәрі 2 орама парацетамол қажет болғанымен ол 20 орамасын бірақ сатып алады. Барлығын да дәрі-дәрмектің жеткілікті санымен қамтамасыз ету үшін біз бір адамға 2-3 орама ғана шараларын қолға алғымыз келеді. Бұл бүгінгі күні сұранысы жоғары болып отырған дәрілерге де қатысты болмақ», – деді Заңғар Сәлімбаев.

Оның атап өтуінше, медициналық маска төңірегінде де дәл осындай жағдай орын алған болатын.

«Олар қалада жеткілікті көлемде болған еді. Бірақ, адамдар дәріханаға келіп, артығымен сатып алды. Дәл сондай жағдай қазір де орын алу үстінде. Дәрілер бізде үздіксіз жеткізіліп тұрғанымен, қалай дегенде де, бақылау қажет», –  деді ол.

Ал Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұрат Мұхамедияров дүйсенбіге қарай сатылымға 250 мың орама парацетамол келіп түсетінін атап өтті.

«Таяу уақытта қалаға вирусқа қарсы 70 мың орама дәрі жеткізіледі. Қызу түсіретін және вирусқа қарсы препараттардың бар болуына күнделікті мониторинг жүргізіп отырамыз», –  деді ол.

Мұнан бөлек, дүйсенбі күні 30 мың термометр қала дәріханаларында сатылымға шығарылмақ.

«Мұндай шешім әкімдікпен және Алматы қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен келісілген. Бұл адамдар түсініп әрі түсіністік танытуы үшін жасалып отыр. Өйткені, мұндай болмауы керек. Өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайды», - деп түсіндіреді Қазақстанның фармацевтикалық қызметін қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Марина Дурманова.

Алматы қаласы әкімдігінің дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың нақтылай түсуінше, дәріханаларда сатылымы шектелетін 6-7 дәрі болады.

«Парацетамол, сумамед және адамдар жаппай сатып алып жатқан дәрінің өзге де түрлері бар. Бұл дәрілердің сатылымына шектеу енгіземіз. Дегенмен, олар қала дәріханаларына жеткілікті көлемді жеткізілетін болады», – деді Заңғар Сәлімбаев.

Новости партнеров