Шеберлік сағаты барысында ота жасалған науқастың бірі 11 жаста
Оңтүстік астанадағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургтері ресейлік әріптестерімен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шеберлік сағаты барысында біздің дәрігерлер ресейліктерді эпилепсияға Делаланде инновациялық әдісімен хирургиялық ота жасау тәжірибесін таныстырды.
Шеберлік сағаты барысында ота жасалған науқастың бірі 11 жаста. Оның эпилепсия дертіне шалдыққанына бірнеше жыл болған. Кішкентай күнінде алған инсульттен мида киста мен атрофиялық өзгерістер пайда болыпты. Салдарынан эпилепсияға қарсы дәрілерді ішкеніне қарамастан күн сайын қырыққа дейін талмасы ұстайтын. Екінші аурухана дәрігерлеріне жүгінген ата-анасы талма санын қысқарту үшін оған шунт орнатуды сұрапты. Алайда мамандар емнің басқа тиімдірек тәсілін таңдап алыпты.
«Біз ЭЭГ мен өзге де зерттеулер қорытындысын қарап шығып резективтік операция жасап, пациенттің талмасын 75 процентке дейін қысқартуға болады деген шешім қабылдадық. Бұл тұжырымымызды эпилептологтар да мақұлдады. «Тік гемисферотомия» деп аталатын ота сәтті шықты. Қазір бала бөлімшеге ауыстырылды, операциядан кейінгі ем-домын қабылдап жатыр», - дейді №2 ҚБКА нейрохирургі Азамат Жайылғанов.
Айтуынша, бұл техника анатомиялық жағынан қолжетімді отаның бірі әрі оның өзге хирургиялық тәсілдерге қарағанда операциядан кейінгі асқыну ықтималдығы төмен. Ота кішігірім тілік арқылы жасалатындықтан қан кету қаупін төмендетеді. Хирург маман навигациялық жүйенің көмегімен әрекет ете отырып, миды зақымданған қабықшалардан ажыратып ала алады.
Оның айтуынша, осыдан бір ай бұрын 2-аурухана нейрохирургтері Санкт-Петербург қаласында эпилепсияның ешбір дәрі көмектеспейтін резистентті түрімен ауыратын 14 жастағы жасөспірімге ота жасаған. Сол кезде ресейлік мамандар осы әдісті үйренуге қызығушылық білдіріпті. Осы тәжірибені меңгеріп, техниканы пысықтау мақсатында ресейлік нейрохирург Александр Ким Алматыға арнайы ұшып келіп, бірлескен операцияларға қатысты.
«Эпилепсияны хирургиялық емдеу саласы үнемі даму үстінде. Уақыт өткен сайын операцияның жаңа түрлері, тәсілдері көбейіп келеді. Сондықтан бір уақыт көшінен қалмай, өзара тәжірибе алмасып отыруымыз керек. Қазақстандық нейрохирургия да қарқынды дамып жатыр. ТМД елдері арасында Алматыдағы №2 ҚБКА дәрігерлерінің клиникалық тәжірибесі өте мол деп айта аламын. Сондықтан біз бұған дейін де қазақстандық әріптестерімізді шақырып, олармен тәжірибе алмастық, осы әдісті үйрендік. Қазір отаға қатысып, клиникалық тәжірибемді байытуға мүмкіндік алдым. Біз де мұндай отаның түр-түрін жасаймыз, бірақ өзгелерден үйренеріміз де аз емес», - деді Александр Ким.
Айтуынша, биыл басылып шыққан Ресей Федерациясының ұлттық нұсқаулығына балалар нейрохирургиясына арналған бап енген. Оның авторы қазақстандық нейрохирургтер Марат Рабандияров пен Азамат Жайылғанов.
Отандық нейрохирургтер эпилепсияны хирургиялық емдеу барысында Еуропаның медицина саласындағы озық тәжірибесін басшылыққа алады. Екінші аурухана дәрігерлері 2023 жылдың қаңтарында Қазақстанда ғана емес, күллі Орталық Азияда алғаш рет эпилепсияның ауыр түрімен ауыратын балаға тік гемисферотомия әдісімен ота жасады. Неміс нейрохирургі, профессор Ульрих Томаленің қатысуымен өткен операциядан кейін біздің дәрігерлер тағы қазақстандық 10 балаға ота жасады. Операциялардың бәрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жасалды. Естеріңізге сала кетсек, 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет тарапынан сақтандырылады. Балалар МӘМС пакетіндегі медкөмекті толыққанды пайдалана алады.