Алматылық нейрохирургтер бассейнге сүңгу кезінде омыртқасы сынған Уфадан келген жігіттің өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жедел жәрдем қызметі бассейнге сүңгу кезінде ауыр жарақат алған науқасты шұғыл түрде жеткізді. Науқас, Уфадан келген Ресей азаматы, біздің елге жұмыс барысымен келген.
Диагноз өте күрделі болды: бірінші мойын омыртқасының сынуы, бірнеше сынықтың ығысуы. Мұндай жарақаттар жедел араласуды қажет етеді әрі өлімге әкелуі мүмкін.
Стационардың нейрохирургтары жедел түрде артқы жұлынның бірігуі бойынша күрделі ота - желке сүйегі мен екіншіден төртіншіге дейін мойын омыртқаларын бекітетін арнайы табақша орнатты, бұл мойындағы қозғалысты қалпына келтіруге және омыртқаны тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
"Бұл араласу жұлынның қысылуын және лезде өлімге әкелуі мүмкін асқынудың алдын алуға көмектеседі. Ота сәтті өтті және науқасқа ұзақ уақыт бойы корсет киюдің қажеті жоқ. Бір айдан кейін ол өзінің қалыпты өмірі мен жұмысына орала алады", - дейді нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Алматов.
Егер уақтылы және кәсіби медициналық араласу болмаса, сүйек сынықтарын біріктіру процесі сүйек тінінің баяу қалпына келуіне байланысты бір жарым жылға созылуы мүмкін еді. Сынықтардың ығысуы өлімге әкелуі мүмкін.
Өз кезегінде жас жігіт дәрігерлерге кәсібилігі үшін алғысын білдірді:
"Мен Қазақстанға іссапармен келдім. Демалыс күндері достарыммен бірге бассейнге бардық. Сәтсіз секіріп, басым бассейннің түбіне тиді. Менің ойымша, сәтсіз құлағаннан кейін бәрі жақсы болды: жедел жәрдем мені тез-ақ өз ісінің мамандарына жеткізді. Туыстарым Дубайға арнайы бортқа тапсырыс беріп, халықаралық сақтандыруды қосқысы келді, бірақ тұрақсыз сыну қаупіне байланысты дәрігерлер отаны осы жерде жасау керек деп шешті. Мен осы аурухананың дәрігерлерінің қолында болғаныма қуаныштымын. Олардың кәсібилігі үшін көп рахмет. Қазір мен оңалтудан өтіп жатырмын, менде бәрі жақсы", - дейді науқас.
Бұл жағдай жыл басынан бері ОҚКА нейрохирургтары жасаған 339-сәтті ота. Аталған ота адам өмірін сақтап, қалыпты өмір салтына тез-ақ келтірді.