Қытайдан келген 4 адам әртүрлі жұқпалы аурулармен емханаға жатқызылды

29.01.2020 00:10

Бүгінде ҚХР-дан біздің елге 25 858 адам келді

yandex.kz

Қытайдан келген қазақстандықтардың ішінде 23 адамнан жоғары температура анықталса, 4 адам әртүрлі жұқпалы аурулармен емханаға жатқызылған. Әзірге олардан тиісті сараптамалар ғана алынды. Қандай вирустық ауру екені үш күннен кейін белгілі болады. Ол туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Сонымен қатар, арнайы брифингте Сыртқы Істер министрлігі қазақстандық студенттердің жағдайы туралы да айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қытайда тараған коронавирус  әлем жұртшылығының үрейін тудырды. Күннен-күнге аталған дертке шалдыққандар саны ұлғайып, кенеттен келген кеселден көз жұмғандар көбейіп жатыр. Бүгінгі күні аспан асты елінің 30 провинцияда карантин жарияланды. Соңғы ресми мәлеметтерге сүйенсек қауіпті вирусты жұқтырғандар 4500-ге, ал, қайтыс болғандар саны 106 адамға жеткен. Одан бөлек, әлемнің 15 елінде 80 адамда коронавирус анықталыпты. Бұл ретте Қазақстан да сақтық шараларын қолға алуда.  Бүгінде Қытайдан 25 мыңнан аса адам елге оралған. Оның ішінде дене қызуы көтерілген 23 науқас анықталып, 4-і емханаға жатқызылды.

«Келген барлық адамдардың мәліметтері Денсаулық сақтау министрлігінің шекара қызметі арқылы беріледі. Ары қарай бақылау комитеті арқылы жергілікті атқарушы органдарға жібереледі. Емханаларға байланыс телефондары беріліп, олармен хабарласады. Бүгінгі таңда дене қызуы көтерілген 23 азамат бақылауда. Жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтыруы мүмкін деген 4 адам ем қабылдап жатыр», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Әсіресе, жұртшылықты Қытайдағы қазақстандық студенттердің жағдайы алаңдатып отыр. Олардың өміріне еш қауіп жоқ, қажетті барлық заттармен, азық-түлікпен қамтылған, деді ҚР Сыртқы Істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев. Естеріңізге салайық, бұған дейін әлеуметтік желі арқылы аспан асты еліндегі студенттеріміз өздерін алып кетулерін сұрап бейнежазба жариялаған болатын. Бүгінде Ухань қаласында 98 қазақстандық студент білім алып жатыр. Оларды елге жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Енді ұшақтың қай маршрутпен баратыны, қайда қонатыны, қайдан алып кететіні келісілуде.

«Қазақстанның Қытайдағы елшілігімен ол студенттермен тікелей байланыс орнатылған. Күнделікті олармен сөйлесіп отыр. Студенттерде қажет нәрсенің барлығы бар. Өйткені олар оқитын университеттер барлық заттармен қамтамасыз еткен. Ол медициналық құралдар, әсіресе бетперделер, одан кейін азық-түлігі барлығы жеткілікті. Қазаргі кезде Премьер - министрдің тапсырмасымен ведомствоаралық комиссия құрылды. Кеше комиссияның отырысы өтті. Біз қазір студенттерді эвакуациялау мәселесін пысықтап жатырмыз», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат НҰРЫШЕВ.

Біз студенттердің хал-жағдайын өздерінен естіп-білуді жөн санадық. Олар қалада жағдай бірқалыпты, дегенмен үрей барын жасырмайды. Жағдайымыз да жақсы дегенді айтты.

«Пекин қаласында оқимын. Мұндағы қазақстандықстуденттердің жағдайы жаман емес. Дегенмен, үрей өте жоғары. Өйткені мұнда вирус жұқтырғандар саны күннен-күнге артып келеді... Көктемгі семестр де кеш басталмақ, бірақ қашан басталатыны нақты белгісіз. Егер елдеріңе қайтатын болсаңдар, өзіміз хабарламайынша Қытайға қайта оралмаңдар деген хабарлама берілді.... Ақпан айының 4-іне билет алдым, сол уақытқа дейін жағдай  қалыпты болады деген үміттемін», - деді студент Айнұр СЛӘМҒАЖЫ.

«Университет тарапынан бізге көмек көрсетіліп жатыр. Бетперделер, иммунитетті қолдайтын дәрі-дәрмектер берілуде. Мүлдем тегін Үш мезгіл тамақ береді. Сондай-ақ, кампустың аумағында студенттерге денсаулығын тексерту үшін екі пункт бар», - деді студент Дина АХМЕТОВА.

Сыртқы істер министрлігінің сөзінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптары бойынша шекараны жауап тастау мүмкін емес. Дегенмен виза алу талаптарын күшейткен. Қазақстанға келуді жоспарлаған Қытай азаматтарынан денсаулығы туралы анықтама талап етіледі. Айта кетейік, қазіргі таңда Қытаай Халық Республикасында әлі де 1300-ден астам қазақстандық жүр. Оның ішінде елшілік қызметкерлері мен олардың отбасылары да бар.

Асылбек Тойбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы