20 маусымда «Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы Алматы облысының Байсерке станциясынан жолға шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Медициналық пойыз Жетісу облысына барып, шалғай станциялар мен разъездерде тұрғындарға қызмет көрсетеді. Пойыз 20 маусым мен 2 қараша аралығында еліміздің 67 шалғай станциясына барады. Маршрут келесі облыс аумақтары арқылы өтеді: Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстары, сондай-ақ үш жаңа өңір – Жетісу, Абай және Ұлытау.
«Саламатты Қазақстан» пойызы жапон және неміс өндірісінің медициналық жабдығымен қамтылған: қажет болған жағдайда кеңейтілген жалпы және биохимиялық талдауды, рентгенография мен флюрографияны, ішкі ағза мен тамырдың УДЗ-зерттеуін, электрокардиограмма және гастрофиброскопияны, диагностикалық зерттеудің өзге де түрін жасауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар биыл стамотологиялық құрылғы да жаңартылған», – деді «Саламатты Қазақстан» пойызының аға дәрігері Арман Исайнов.
Мамандандырылған медициналық пойыз 8 вагоннан тұрады: дизель-генератор вагоны, 4 медициналық вагон, 1 конференц-зал және мейрамхана, 2 купе вагон. Дизель-генератор вагоны қажет болған жағдайда төтенше жағдай кезінде шағын елді мекенді электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Пойыздар республиканың жетекші клиникаларымен телемедициналық консультациялар жүргізу үшін телефон байланысымен, интернет желісімен жабдықталған.
Медициналық персонал білікті мамандардан құралған: терапевт, педиатр, кардиолог, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог, рентгенолог, кардиолог, УДЗ дәрігері, эндоскопист, функционалдық диагностика дәрігері. Биыл медицина мамандарының құрамына психолог және дерматовенеролог қосылды, жобаға барлығы 36 маман қатысады. Дәрігерлер бригадасы халыққа барлық қызметті тегін көрсетеді.
Айта кетейік, «Саламатты Қазақстан» – жоба бойынша екінші пойыз. Себебі, 23 мамырдан бастап «Жәрдем» медициналық пойызы шалғай аудандарда тегін медициналық көмек көрсете бастады.