«Денсаулық айы» акциясына қалалық № 16 емхана да қосылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Акция кезінде 300 шақты тұрғын дәрігердің тексеруінен өткен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең. Тек денсаулыққа мән беруге кейде уақыт та, қаражат та тапшы болатын сәттер кездеседі. Осыны ескерген қалалық № 16 емхана «Денсаулық айы» акциясына шықты. Қаладағы сауда кешендерінің бірінің алдында өткен шарада 10 шақты дәрігер алматылықтарға тегін медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 Таңертең басталып, түске дейін жалғасқан акция кезінде 300 шақты тұрғын дәрігердің тексеруінен өткен. Шараға өкпе мен жүректі тексеретін қос құрылғы орнатылған көлік те арнайы жұмылдырылған.

«Көптен бері дәрігердің қабылдауына жазылып, бірақ баруға уақыт таппай жүргендерге таптырмайтын акция дер едім. Себебі, жексенбі күні қыдырып қана қоймай, денсаулықты қаратып алуға болады. Акцияға кардиолог, эндокринолог, офтальмолог сынды дәрігерлер қатысты. Шарада бірден анализ алып, қан құрамындағы қантты анықтап береді. Жүрек қағысын тексеріп алуға да мүмкіндік бар», – деді  Алматы қаласы № 16 қалалық емханасының бас дәрігері  Ақмарал ӘЛІБЕК.

«Қан талдауын өткізіп жатырмын. Халық үшін жұмыс істеп жатыр. Рахмет айтамын», – деді бір тұрғын.

«Өте дұрыс қолға алынған акция. Осылай болуы керек. Өйткені адамдар шынымен де жұмысбасты. Мүлдем уақыттары. Ақша да жете бермейді. Бұл дұрыс шешім. Көп рахмет», – деді келесі бірі.

Оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланған қала тұрғындары дән риза. Сөздерінше, емхана оларға бір табан болса да жақындай түскен. Бас-аяғы 15 минут ішінде түрлі сала мамандарынан кеңес алған олар акция бір аймен шектелмесе екен дейді.

Новости партнеров