Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы дәрігерлердің қызмет көрсету сапасын арттыра түсуге күш жұмсалатынын айтты
Алматыда бас дәрігерлерге қатаң талап қойылып жатыр. Бұдан былай олар KPI, яғни тиімділік көрсеткіштері бойынша жұмыс істейді. Медициналық мекеме басшыларына қойылған 70 индикатор, оның 17-сі жалпыға ортақ болса, қалғаны мамандыққа қатысты екен. Тіпті, бұл көрсеткішкер енді еңбек келісім-шартына да бекітілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, бас дәрігер жұмысқа тұрмас бұрын біліктілігін дәлелдеу үшін конкурстан өтіп, онлайн сұхбатқа қатысады. Бүгін қоғамдық кеңесте биылға арналған жол картасын басқарма басшысы Қанат Төсекбаев таныстырды.
«Индикатор мәселесі мақұлданды. Әзірге бас дәрігерлердің еңбек келісім шартына қосымша ретінде бұл тиімділік көрсеткішін қоспадық. Дегенмен, қоғамдық кеңесте талқыланған соң, қосымша етіп енгіземіз. Емхана, ауруханалар, стационарлардағы бақылау кеңесіндегі адамдарды ауыстырамыз. Олардың қатары тәуелсіз әр түрлі сала мамандарынан тұратын болады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат ТӨСЕКБАЕВ.
Ал Алматыда сәуір айынан бастап дәрі-дәрмекті сатып алу электронды платформаға көшіріледі. Осылайша айналымды қадағалауға мүмкіндік туады. Оған қоса, жергілікті бюджеттен тегін препарат алатын 1300-ге жуық науқасқа арналған дәріхана-робот іске қосылуы мүмкін. Автоматты құрылғы науқасты тану және жеке электронды карта негізінде әрекет етеді. Әзірге оның нақты қашан жұмыс істейтіні белгісіз. Сондай-ақ, медициналық техникалар тек тиісті комиссия шешімінен соң ғана сатып алынбақ.
«Бұл бізге не береді? Тегін берілетін дәрі-дәрмектің науқастың қолына жеткені туралы нақты білетін боламыз. Себебі, былтыр жүргізген мониторинг кезінде қажетті препаратты Алматы қаласында тіркелмегендер алып келгені жайлы деректер анықталды. Ал мұнда жеке деректері электронды базада сақталады. Содан соң медициналық техникалардың қажет екенін бас дәрігерлер дәлелдей алуы тиіс. Қолданатын мамандары, қоятын жеріне дейін ескеріледі», – деді Қанат ТӨСЕКБАЕВ.