Денсаулық сақтау министрінің тапсырмасына сәйкес, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті аумақтық денсаулық сақтау басқармаларымен бірігіп, медициналық қызметкерлерде клиникалық практикаға жіберу үшін маман сертификатының бар-жоғына талдау жүргізуде, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі.
Талдау 616 медициналық ұйымда жүргізілуде, оның ішінде мемлекеттік - 544, жеке меншік - 72.
Шымкент қаласы мен Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Алматы, Атырау облыстарында жүргізілген тексеру барысында 484 медициналық қызметкер сертификаты болмағандықтан, жұмыстан шеттетілді.
Осыған байланысты медициналық қызметкерлерге 5 АЕК және лауазымды тұлғаларға 15 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«Клиникалық практикаға медицина қызметкерлерін маман сертификатынсыз жіберу фактілері анықталған кезде әкімшілік-басқарушылық шаралары, атап айтқанда, медицина қызметкерін клиникалық практикадан шеттету, медицина ұйымдарының басшылары мен персоналды басқару қызметінің инспекторларын тәртіптік жауапкершілікке тарту қабылданатын болады», - делінген хабарламада.
Өткізілген іс-шаралардың нәтижесі бойынша Шымкент қаласы мен Түркістан облысының 18 медициналық ұйымында 117 медициналық қызметкер сертификатының жоқтығына байланысты жұмыстан шеттетілді. Шымкент қаласында 5 жалған сертификат анықталып, материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді. Осыған ұқсас бұзушылықтар басқа аймақтарда да анықталуда: Қарағанды облысында 92 медициналық қызметкерлер сертификатының жоқтығынан жұмыстан шеттетілді;
Павлодар облысында 142 медицина қызметкері шеттетілді;
Жамбыл облысында 30;
Алматы облысында 48;
Атырау облысында 55 медицина қызметкері шеттетілді.
Сондай-ақ, Қарағанды облысында 13 жалған сертификат анықталып, материалдары құқық қорғау органдарына жіберілетін болады. Бұдан басқа, жоғарыда аталған өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары тізімдегі медициналық ұйымдардың бірінші басшыларын жазалау бойынша шара қабылдануда. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйелерді модификациялау бойынша жұмыстар жүргізіп жатқандығын айта кету қажет.
Сонымен, 2019 жылдың 1 тамызынан бастап маман сертификатының қолданылу мерзімі өткеннен кейін ақпараттық жүйелердегі медициналық қызметкердің жұмыс орны автоматты түрде бұғатталады, бұл оны жұмыстан автоматты түрде шеттетуді білдіреді.