Өңірлік штабтың отырысы барысында қаланың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындығы талқыланды
Алматыда мегаполис әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу және МӘМС дайындық бойынша штабтың кезекті отырысын өткізді. Шараға Орталық штабтың өңірлердің МӘМС енгізуге дайындығын қамтамасыз етуге жедел ыпал ету жөніндегі Орталық штабтың өкілдері, оның ішінде ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, ҚР ДМ тауарлар мен қызмет көрсетудің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ төрағасы Айбатыр Жұмағұлов, ҚР ДМ тауарлар мен қызмет көрсетудің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаудың Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры Айзат Молдағасимова, сонымен қатар медициналық ұйымдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өңірлік штабтың отырысы барысында қаланың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындығы талқыланды. Алматы қаласында халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдайлар жасалуда, кепілдемелі тегін медициналық көмек көрсету бәсекелестікті дамыту және жеке секторды кеңінен тарту арқылы жүзеге асуда.
Мысалы, әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры жыл басынан бері медициналық көмек көрсету үшін жалпы құны 116,8 млрд теңге болатын 178 медициналық ұйымдармен келісім-шарт жасады.
2017 жылдың шілдесінен бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 1,4 млн астам адамға қаржы түскен. Алматы қаласынан Қорға түскен барлық сома көлемі 48,1 млрд теңгеден астам.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізлуде. Алматы қаласында ағымдағы жылдың басынан бері 1,3 млн адамды қамтыған 6 мыңнан астам кездесулер өтті.
Мегаполисте МӘМС енгізу бойынша қаланың медицина қауымдастығымен жүйелі түрде оқу семинарлары өткізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін 14 мыңнан астам медициналық қызметкер білімдерін жетілдірді.
Айта кетерлігі, кепілдемелі көлем аясында медициналық көмек көрсететін барлық 176 медициналық мекемеге медициналық ақпараттық жүйе енгізілген.
Дегенмен, Ержан Бабақұмаров айтып өткендей, қолданыстағы ақпараттық жүйелер бұрын әзірленген және техникалық тапсырмаларды орындау үшін нақтыланған талаптарға сай толықтыруларды қажет етеді.
Сонымен қатар, ол қалада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруды, бастауыш медициналық-санитарлық көмекке тіркелмегендер, өзін-өзі қамтамасыз ететін формальды емес жандар арасында жұмысты барынша күшейтуді тапсырды.