Алматылық дәрігерлер 1 жылда 22 мыңнан аса ота жасаған

06.06.2023 17:40

90 жылдық тарихы бар №5 қалалық клиникалық аурухана – еліміздегі бас медициналық мекеме

Almaty.tv.

Алматыдағы №5 қалалық клиникалық ауруханасында бір жыл ішінде құлақ, мұрын, жаққа 22 мыңнан аса ота жасалыпты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күні-түні тынбай еңбек ететін жандар ауыр жағдайдағы науқастарды да емдейді. Жан ауырып, сүйек сыздағанда ғана қадірін білетін мамандыққа құрмет пандемиядан кейін тіпті ерекше болды.

90 жылдық тарихы бар №5 қалалық клиникалық аурухана еліміздегі бас медициналық мекеме. Онда дәрігерлер Алматы және республика бойынша ересектер және балаларға медициналық шұғыл көмек көрсетіп, түрлі деңгейдегі ота жасайды. Аптаның жеті күні тәулік бойы тынбай жұмыс істейтін аурухананың қабылдау бөлімі күніне 800-ден аса науқас түседі. Дәрігерлер бет-жақ аймағындағы жарақатты, іріңді қабыну процестерін емдейді.

«Әр саланың өз қиындығы болады. Әр түрлі жағдай болады. Адамның өмірін аман алып қалу үшін біз барымызды саламыз. Ол – біздің басты парызымыз», – дейді №5 қалалық клиникалық ауруханасы қабылдау бөлімінің бет-жақ хирургі Айдос Аймұханбетов.

25 жылдық тәжірибесі бар Наталья Глевская дәрігерлік мамандықты ерлікке балайды. Өйткені ақ халатты абзал жан атану білімділікті, іскерлікті және мол тәжірибені талап етеді дейді. Қоғамдағы орны ерекше саналатын, үнемі ізденісте жүретін мамандық иесі жұмысын шын жақсы көретінін айтады.

«Шыны керек, дәрігер болуды бала кезден армандадым. Қазір осы ауруханада еңбек етемін. Біз Алматы қаласы бойынша жедел жәрдеммен жеткізілген науқастарды қабылдап, сондай-ақ жоспарлы ем де жүргіземіз. Оған қоса, Қазақстанның түкпір-түкпірінен де науқастар ем іздеп келеді. Тәулігіне 200-ден аса балаға шұғыл көмек көрсетеміз», – деді №5 қалалық клиникалық ауруханасы балалар қабылдау бөлімінің дәрігері Наталья Глевская.

Жаңашылдыққа қашанда жанымыз құштар деген дәрігерлер Ресей, Австрия, Германия, Израиль және АҚШ клиникаларында инновациялық технологияларды меңгерген. №5 қалалық клиникалық ауруханада 130 дәрігер қызмет етеді. Олардың арасында медицина ғылымдарының докторы, «Алтын дәрігер» және «Денсаулық сақтау үздігі» атағымен марапатталған ақ халатты абзал жандар бар.

Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Теги: больница