Алматылық қарияға 78 жасқа толған күні ауыр жүрек отасы сәтті жасалды

16.06.2020 17:53

Пациенттің операциядан кейінгі жағдайы тұрақты

Алматылық қария 78 жасқа толған туған күнінде жаңа жүрек қақпақшасымен өмірге қайта келгендей болды, деп хабарлайды Almaty.tv Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Роза Қуанышбекова институттың кардиохирургтар тобымен бірге аорта қақпақшасын биологиялық протезбен алмастыру және аортакоронарлық шунттау отасын жасатқан пациент Алексей Заиканы 78 жасқа толуымен құттықтады. Қария өзінің туған күнінде жасалған отадан кейін жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды.

Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, стационарға жатқызылған кезде пациенттің шамалы күш түскенде ентігу, ауа жетіспеушілігі, жүрегі қысып, тез шаршау, жалпы әлсіздік сияқты  шағымдары болған. Ол жағдайдың ауырлығын жүрек жиырылуының төмендеуімен де байланыстырды.

«Пациент 15 жыл бойы созылмалы обструктивті өкпе ауруы және бронх демікпесімен есепте тұрған, жүрекке тексерілмеген және емделмеген, тыныс жетіспеушілігі бронх және өкпе патологиясымен байланыстырылған», - делінген хабарламада.

КІАҒЗИ өкілдері науқасқа аралас аорта ақаулары (критикалық стеноз және 2 дәрежелі жеткіліксіздік), митральды қақпақшаның жеткіліксіздігі, 3 дәрежелі артериалды гипертензия диагнозын қойып, хирургиялық емге көрсеткіштер бар екенін айтқан.

Пациенттің операциядан кейінгі жағдайы тұрақты, ол антибактериалды және дәрілік терапия алып, тыныс алу жаттығуларымен айналасуда.